Теміртаулық Қыдыралиндер отбасы – адал еңбек пен кәсіби тұрақтылықтың жарқын үлгісі. Бұл шаңырақтың бес бірдей азаматы бір мамандықты таңдаған: барлығы да ел экономикасының маңызды саласы – көмір өнеркәсібінде еңбек етіп, «Шұбаркөл көмір» кәсіпорнының дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Бұл жай ғана жұмыс емес – өмірлік жол, ата кәсіпке айналған мұра. Қыдыралиндер отбасының өнегелі еңбек жолы талай жасқа үлгі боларлық. Қарапайым ғана бір отбасы. Бірақ олар туралы сөз қозғалса, тау-кен өнеркәсібінің нағыз қайнар көзіндей көрінеді. Қыдыралиндер әулеті үшін шахта – жай табыс көзі ғана емес, бұл – отбасының бірлігін бекемдеген, ұрпақтарды табыстырған қасиетті орта. Еңбек жолын ата-анасынан бастаған бұл әулет бүгінде келесі буын – балалар мен немерелер арқылы өз жалғасын табуда.

– Анам – лаборант, әкем – кенші болған. Екеуі де Қайрақты кен-металлургия комбинатында ұзақ жылдар бойы бірге жұмыс істеді. Біз – бес ұл, сол ортада өсіп, еңбектің қадірін жастай түсіндік. Бізге ата-анамыздан тек қан емес, кәсіпке деген сүйіспеншілік дарыған, – деді отбасының атынан әңгіме бастаған Болат Қыдыралин.

Қыдыралиндердің жалпы еңбек өтілі бүгінде 100 жылдан асып жығылады. Бұл – кәсіпке деген адалдықтың ғана емес, отбасындағы бірлік пен тәрбие тамырының тереңдігінің дәлелі. Болаттың өзі Hitachi экскаваторының машинисі. 31 жылдан бері осы кәсіпорында еңбек етіп келеді. Жол бастаған үлкен ағасы – Съезд. Кеңес заманындағы үрдіске сай есімі тарихи оқиғаға байланысты қойылған, Съезд те өмірін экскаватор тізгіндеген еңбекке арнаған. Өкінішке қарай, ол бес жыл бұрын өмірден озды. Ағайындылардың бәрі – әке жолын қуған кеншілер. Қадыр – тау-кен шебері, Қанат – цех басшысы, ол «Шахтер Даңқы» III дәрежелі медалімен марапатталған. Мұрат – машинист көмекшісі. Ал бауыры Санат – тау-кен учаскесінің шебері. Қазіргі таңда Болаттың балалары да осы кәсіпорында еңбек етуде. Қыдыралиндер үшін ортақ жұмыс орны ғана емес, ортақ қызығушылықтар да отбасын біріктіретін алтын көпірге айналған. Әсіресе музыка мен спорт – олардың өмірінің ажырамас бөлшегі.

– Бала кезімізде өз ансамблімізді құрдық. Аты – «Жастар әуені». Түрлі шарада, мерекеде өнер көрсететінбіз. Музыка бізді жақындастырды. Кейін волейбол командасын жинап, спортты да қатар алып жүрдік. Денсаулық пен рухани байлық – біздің ұстанымымыз болды, – дейді Болат Қыдыралин.

Олардың өнер мен спортқа деген құштарлығы отбасылық шеңберден асып, әріптестеріне де үлгі бола білді. Ұжым ішінде бұл әулет тек еңбекқорлығымен емес, белсенділігімен де танылған. Қыдыралиндер үшін туған жер – ерекше ұғым. Жыл сайын жазда барлық отбасы мүшелері Қайрақты ауылына жиналады. Бұл – жай ғана бас қосу емес, ата-баба рухына тағзым ету, туыстық байланысты жаңарту, балалық шақпен қайта қауышу.

– Бұл – біз үшін қасиетті сапар. Әкем мен шешемнің қабіріне барып, Құран бағыштаймыз. Бала күнгі достарымызбен, көршілермен кездесеміз. Осындай дәстүр біздің жанымызға жылы, жүрегімізге жақын. Біз оны балаларымызға да үйретіп келеміз, – дейді Болат Қыдыралин.

Қыдыралиндер – еңбекті, өнерді және салт-дәстүрді ұштастыра білген үлгілі отбасы. Олар үшін кенші болу – мамандық қана емес, өмірлік миссия. Бұл отбасының тағылымды жолы – ұрпақ сабақтастығы мен кәсіптік мұраның жарқын үлгісі. Қазақ отбасының қайталанбас келбеті осы әулет арқылы көрініс тауып отыр. Қорыта айтқанда, Қыдыралиндер – бүгінгі қоғамға керек қарапайым, бірақ қадірлі кейіпкерлер. Олар – «Еңбек ер атандырады» деген халық сөзінің айқын дәлелі.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»