Үкімет жанындағы Жедел штабтың кезекті отырысы өтті

5 наурызда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі Жедел штабтың кезекті отырысы өтті.

Отырыс барысында қазақстандық жүк тасымалдарына қатысты логистикалық мәселелер қаралды. Атап айтқанда, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ. Өскенбаев шетелдік серіктестермен өткен келіссөздер және қол жеткізілген уағдаластықтар туралы баяндады.

«Транзиттік-логистикалық әлеуетті дамыту үшін қазір жүктердің бағыты, “Ақтау/Құрық – Баку – Тбилиси – Карс» маршруты бойынша серіктестермен келісімдер пысықталып жатыр. Сондай-ақ тарифтік мәселелер де шешімін табуда», — деді ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Бизнес, «Атамекен» ҰКП және мүдделі мемлекеттік органдар арасында өзекті ақпаратпен жедел алмасу шаралары талқыланды. Арнайы құрылған жұмыс топтарында бизнестен келіп түсетін проблемалық мәселелер қарастырылады.

Премьер-Министрдің төрағалығымен Жедел штабтың келесі отырысы биылғы 7 наурызда өтеді.