15 мамыр – Халықаралық Отбасы күні

Құрметті достар!
15 мамыр – Халықаралық Отбасы күні. Келешекте бұл датаның қазақстандықтар үшін де маңызды мерекеге айналарына сенім білдіремін.
Бақытты отбасы – табысты мемлекеттің өзегі. Әлеуметтік зерттеулер нәтижелеріне сенсек біздің отандастарымыздың дені отбасын – ең басты құндылық санайды екен. Десе де, бұл салада реттеуді қажет ететін проблемалар да жоқ емес: отбасында болатын тұрмыстық зорлық-зомбылық, саналы ата-ана мен отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлі, көп балалы отбасылардың әл-ауқатының төмендігі т.б.
Жалпы отбасы саясатына қатысты мәселенің барлығы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының үнемі назарында. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылы «2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» қайта пысықталған еді. Оның негізінде мемлекет және қоғамдық институттар тарапынан отбасылардың әл-ауқатын арттыру бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр.
Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы «Толық адам» тұжырымдамасын үнемі айтып жүреді. Бұл дегеніміз бірінші кезекте – аға буынның ақыл-кеңесі мен жиған тәжірибесін бойға сіңіре отырып, жаңа білім алуға құлшынысты жаңа заман адамы. Ал мұндай жан-жақты толыққанды тұлғаны бақытты, тәрбиелі, махаббат билік құрған толық отбасы ғана тәрбиелей алады. Сондықтан отбасы құндылықтарының алға озып, әл-ауқаттың өсуі қай кезде де мемлекет үшін де, қоғам үшін де маңызды міндет болып қала береді.
Осы орайда, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия әлеуметтік желілерде отбасы құндылықтарын дәріптеу бойынша арнайы флешмоб ұсынады. Еліміздің барлық азаматтарын осы бастаманы қолдауға, отбасы құндылығын біріге насихаттап, қорғауға шақырамын. Оған қатысу үшін түрлі әлеуметтік платформаларда «#Отбасым» хэштегін белгілей отырып, отбасылық тәрбие, оның маңызы, жанұя мүшелерімен түскен жарқын суреттер, басқаларға үлгі қылып көрсетуге тұрарлық тағлымды жайттар мен қызықты оқиғалармен тіпті, әрбір азаматтың өзінің үлгілі отбасын келешекте қалай көргісі келетіні туралы асыл армандарымен бөлісуге болады. Осылайша, біз отбасы құндылығын насихаттауға шағын да болса маңызды үлесімізді қоса аламыз. 15 мамыр – Халықаралық Отбасы күнінде бізді қанша қазақстандық қолдап, «#Отбасы» хэштегінің қаншалықты кең тарағанын көре аламыз.