1 100 тұрғын орталық су және кәріз жүйесіне қосылады
Биыл Қарағандының тағы 1 100 тұрғыны орталық су және кәріз жүйесіне қосылады. Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Облыс орталығының Сахалин кентінде су құбыры және кәріз желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Жұмыс аяқталғаннан кейін, 1 100-ден астам тұрғын орталық су және кәріз жүйесіне қосылатын болады.
Жұмысшылар мамыр айының ортасында Сахалинде желілер құрылысын бастап кетті. Жоспар бойынша, шамамен 9 км су құбыры және 4,5 км кәріз құбыры тартылады.
– Сахалин кентінде су құбыры және кәріз желілерін салу жобасы халықтың таза ауызсуға қол жеткізуі жөніндегі өңірлік бағдарламаларды орындау шеңберінде іске асырылуда. Қазір мердігер белсенді жұмыс істеп жатыр. Шамамен 1,5 км су құбыры және 300 метр кәріз жабдықталған. Жұмыстар бір мезгілде екі бағытта жүргізілуде. Жобаны биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Содан кейін міндетті түрде асфальттау жұмыстарын жүргіземіз, – деді қалалық ТКШ және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жанболат Тоқмұрзин.
Мердігердің айтуынша, материалдар мен жұмыс күшіне қатысты проблема жоқ. Жергілікті өндірушілердің Саран зауытынан шығарылатын құбырлары мен темірбетон сақиналары қолданылады.
Жаңа желілерге төрт көшенің (Тельман, Коммунист, Линейный және Литвин) тұрғындары қосыла алады. Бұл – шамамен 400 үй. Құрылыс келешекті ескере отырып жүргізіліп жатыр, болашақта қосымша абоненттер қосуға мүмкіндік болады.
Бүгінде Қарағанды облысында тұрғындардың 99,2%-ы орталық су жүйесіне қосылған. Ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін билік басындағылар 2025 жылдың соңына дейін толығымен жабуды көздеп отыр.
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»