«018-ші автобус»: өмір жолының метафорасы
Сәкен театрында жаңа премьераның тұсауы кесілді. «018-ші автобус» психологиялық драмасының авторы Қазыбек Аманжол, режиссері Бибіажар Дихан.
– «018-ші автобус» – менің алғашқы жазған пьесаларымның бірі. Толығымен ойдан шығарылған оқиға. Бұл пьеса менің студенттік жылдардағы автобустағы ойларымнан туындады. Бастапқыда жай ғана қиял еді, кейіннен оны сахнаға лайықтап жазып шықтым. Жазған шығармаларымның 90%-ы комедия, солардың ішінде екі ғана драма жазғам екем, соның бірі осы. Бұған дейін бұл қойылым бірнеше универсетте студенттердің дипломдық жұмысы болып қойылған-ды, бүгін алғаш рет Қарағандыда үлкен сахнада кәсіби актерлермен қойылып жатыр. Қойылымның үлкен сахнаға жол тартуы – мен үшін үлкен жетістік, – дейді автор, Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театрының актері Қазыбек Аманжол.
Театр шымылдығы түрілген сәттен-ақ көрермен «018-ші автобус» қойылымының тұңғиық атмосферасына енді. Бір қарағанда, бізді қарапайым автобуста өрбитін оқиға күтіп тұрғандай көрінеді. Бірақ сахнадағы алғашқы минуттардан-ақ бұл жай ғана көлік емес, тұтас бір ғаламның моделі екенін түсінеміз. Жолаушылардың әрқайсысы – өз тағдырымен, өз мұңы және үмітімен жүріп келеді. Адамдық пен надандық, үміт пен торығу, адалдық пен опасыздық шайқасқа түскен жолда олардың кім болып қалатыны тек өздеріне байланысты.
– Бір қарағанда, аты «018-ші автобус» деп аталғанымен басқа ойға жетелейтін, терең ойларды ашатын қойылымдардың бірі болады деп есептеймін. 018-ші автобус – бұл жер планетасының өзі. Оның ішіндегі жолаушылар біздің әрқайсымыз. Автобус бір мезетте апатқа түсіп, ішіндегі адамдар қаза болып, о дүниеде жауап береді, мұның барлығы терең мән-мағына беретін дүниелердің бірі. Сол себепті, көрермен жүрегінен орын алады деген сенімдемін. Спектакль көрерменнің ішкі әлеміне үңіліп, өмір жайлы ойлануына итермелейді. Бұл жерде тек қана классиканы, әлемге танымал қойылымдарды қоя бермей, жас драматургтерді жаңғырту, жастың аты жас ол заманауи сөйлейді, ол қазіргі тілмен сөйлейді, сол себепті жастардың тілінде сөйлеп тұрған драманы сахнаға алып келу біздің қазақ өнерінің дамуына қосқан үлесіміз деп ойлаймын, – дейді Сәкен театрының көркемдік жетекшісі Айдын Салбан.
Залдағы көрермендер қойылым соңында біраз уақыт үнсіз қалды. Сахнадан төгілген эмоция толқыны әр жүрекке жетті. Бұл жай ғана спектакль емес, өмір туралы өткір сұрақтар қоятын айна іспеттес еді.
«018-ші автобус» – тек қойылым емес, біздің өз өмірімізге деген көзқарасымызды өзгертуге мүмкіндік беретін ерекше туынды. Театр сахнасынан шыққаннан кейін де көрермен жүрегінде талай уақыт бойы сақталатын әсер қалдырады. Егер сіз осы өмір сапарыңызда өз орныңызды табуға тырысып жүрсеңіз, бұл қойылымды көруге міндеттісіз!
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
«QH»