ЗЫМЫРАННЫҢ ЗИЯНЫ ЗИРАТҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Қарағанды облысындағы Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау ауданын экологиялық дағдарыс жағдайына дейінгі аумақтар қатарына енгізу керек. Себебі, аталған өңір Байқоңыр ғарыш айлағына іргелес жатқандықтан қатерлі ісік ауруына шалдыққандар саны артқан. Бұл туралы мәжілістің кеңейтілген отырысында депутат Арман Қожахметов үкімет басшысына жолдаған сауалында айтты.
Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов Байқоңыр ғарыш айлағы қызметі салдарынан тұрғындарға қауіп төніп тұрғанына алаңдаушылық білдіріп отыр. Премьер-министр Асқар Маминге жолдаған сауалында өңірдегі тұрғындар онкология және орталық жүйке жүйесі ауруларымен жиі ауыра бастағанына тоқталған. Тұрғындар бұл жағдайды ғарыш айлағының жұмысымен байланыстырады. «Ұзақ жылдар бойы Байқоңыр ғарыш айлағынан зымырантасығыштары ұшырылды. Осы зымырандардың сұйық реактивті қозғалтқыштарында гептил қолданылды. Гептил өте қауіпті: оның бір литр судағы бір микрограмы адамды өлтіріп жібереді», — деді депутат.

Сондай-ақ, ол ресейлік ғалымдардың зерттеуіне тоқталды. «Оған сәйкес, зымырантасығыштың бірінші бөлігінің құлауынан қоршаған ортаға орны толмас зиян келеді. Себебі, топыраққа зымыран отынының улы қалдығы сіңеді. Гептил және одан ыдыраған бөліктер сумен топыраққа терең еніп, жер асты суларына жетеді. Осылайша, улы қалдық су құбырлары арқылы жергілікті тұрғындарға жетеді. Сондай-ақ, мұндай топырақта өскен өсімдіктер де улы заттарды бөледі. Бұл адамдарға да зиянын тигізеді», — деген пікірде.
Байқоңырдан 1959 жылдан бері ғарыш кемелері ұшырылғаннан бастап, Қазақстан, Алтай Республикасы және Алтай өлкесі аумағына 600-ден аса зымыран құлаған. Жоғары уытты «қоқыстың» жалпы салмағы 3 мың тоннадан асады. Депутаттың мәліметінше, Қазақстанда соңғы 10 жылда зымыран отынының төгілуімен байланысты. 3 апат тіркелген. 2006 жылы «РС-20» («Днепр») құрлықаралық баллистикалық зымыраны, 2007 және 2013 жылдары «Протон-М» зымырантасығышы құлаған. Сонымен қатар 2018 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданына «Союз-ФГ» құрлықаралық баллистикалық зымыраны мен «Союз МС- 10» ғарыш кемесі құлаған.
«Қазақстандық ғалымдардың пікірінше, Ресей тарапы қаржыландыратын зымырантасығыштардың салдарын жоюға бағытталған бағдарламалар үш жылға есептелген. Алайда бұл уақыт зиянды анықтап, оны жоюға жеткіліксіз. Қазақстандық ғалымдар жүргізген экологиялық зерттеу құлаған зымырантасығыштың салдарын жоюға және топырақ-өсімдік жамылғысын қалпына келтіруге шамамен он жыл керегін дәлелдеген. Осы уақыт аралығында қоршаған ортаға бақылау жүргізіп отыру қажет», — деді Арман Қожахметов. Сондай ақ, депутат мәселені шешу үшін ауқымды жұмыстар жүргізуге шақырды.
Олар:
1) Байқоңыр ғарыш айлағына іргелес аумақтардың ластануы мен зымырандардың құлау аумағы туралы ақпарат беру;

2) Байқоңыр ғарыш айлағында және зымырантасығыш құлаған өңірде тұратын халық үшін жыл сайын скринингтік тексеру жүргізуді ұйымдастыру;
3) Зымыран қалдықтарының құлау аумағы мен апат орындарын, топырақ пен судағы гептилдің құрамын анықтау бойынша кешенді ғылыми зерттеуді ұйымдастыру;
4) Зымыран отынының химиялық элементтерін залалсыздандыру және қоршаған ортаны қалпына келтіру әдістерін зерттеу үшін қазақстандық ғалымдардың ғылыми зерттеулерін жыл сайын қаржыландыруды белгілеу;
5) Қарағанды облысы Жезқазған, Сәтбаев және Ұлытау ауданы Байқоңыр ғарыш айлағына іргелес жатқандықтан елдімекендерді экологиялық дағдарыс жағдайына дейінгі аумақтарға еңгізу мәселесін қарастыру керек деген ұсыныс айтқан.
Ал, қарағандылық экобелсенді Дмитрий Калмыков болса депутаттың «Ластану мен зымырандардың құлайтын жері туралы ақпарат беру» туралы өтініші өте орынды деп отыр. Себебі, ақпарат ашық болмағандықтан, ел арасында үрей басым. Ал, нақты жағдайды ешкім білмейді. Тіпті, жергілікті әкімдіктердің қолында қауіптің деңгейін анықтайтын картаның өзі жоқ деп отыр. Сондықтан, ол аталған өңірлерді «экологиялық дағдарыс аумағы» деген статус беруге қарсы: «Эколог ретінде аталған аудандарды экологиялық дағдарыс аумағы қатарына енгізуге қарсымын. Егер, ол жер адам денсаулығына зиян болса, ондағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру керек. Бірақ, алдымен біз қауіптіліктің деңгейін біліп алуымыз керек. Алайда, ондай ақпаратты ешбір жерден таппайсыз. Тіпті, жергілікті әкімдіктерде «қауіпті аймақ» деген карта жоқ. Тиісті ақпарат болмағандықтан, нақты шаралар жасалмай, сөз жүзінде қала береді. Олай дейтінім – осыдан тұп-тура 10 жыл бұрын да мәжілісте осы сұрақ көтерілген. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ», — деп отыр.
Зымыран ұшса жыларман болатын өңірдің бірі – Қызылорда облысы. Тек Арал өңірінде соңғы жылдары онкологияға шалдыққан балалар саны екі есеге көбейген. Қазір облыста онкологияның әртүрлі формасымен
ауыратын 200-ден астам бүлдіршін диспансерлік есепке алынған. Дәрігерлер ең бірінші орында лейкемия – қанның қатерлі ісігі деп аталатын аурудың белең алғанын айтады. Ал, екінші орында бас миының қатерлі түзілістері. Бұрын 10 жылда бір рет кездесетін лейкоз аурулары қазір бір жылдың ішінде оны кездеседі, — дейді.
Атап өткен жөн, қазір Қарағанды облысы онкологиялық аурулар ең көп анықталатын бес облыстың қатарында. Өңірде 21 300 адам қатерлі ісікке шалдыққан. Оның 136-сы бала. Бірінші кезекте өкпе, кейін асқазан және үштікте сүт безі обырына шалдыққандар тұр.

Расул МҰХАММЕД
«QH»