Зорлық-зомбылықсыз қоғамға қадам

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күні және «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» жаһандық акциясы аясында Қарағанды қаласында отбасын қолдау орталығы жанынан қысқа мерзімге орналастыру орталығы таныстырылды. Аталған мекеме тұрмыстық қиын жағдайға тап болған, сондай-ақ қауіп-қатер тобында тұрған азаматтарға уақытша баспана ұсынып қана қоймай, оларға жан-жақты психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетуді мақсат етеді. Бұл бастама қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алып, мұқтаж жандарға нақты қолдау көрсетуге бағытталған.

Отбасын қолдау орталығы өмірлік қиындыққа тап болған адамдарға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмектің барлық түрін ұсынады. Орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге арналған арнайы кризистік бөлімше жұмыс істейді. Мұнда әйелдер бір айға дейін қауіпсіз және жайлы ортада уақытша тұра алады.

– Мұнда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсетіледі. Көбінесе әйел жанжал кезінде полицияны шақырады, және полиция дереу әрекет етеді. Сол сияқты, шақырту біздің жүйеде де тіркеледі. Егер әйел агрессорға қатысты арыз жазса, оны балаларымен бірге бір айға дейін кризистік орталыққа орналастыруға болады, – деді әдістемелік және ақпараттық-ағартушылық жұмыс бөлімінің жетекшісі, заңгер Анна Латош.

Орталықта 14 адамға арналған орын бар және барлық қажетті жағдайлар қарастырылған. Тұру мен тамақтану толықтай тегін қамтамасыз етіледі. «Ана үйі» ресурс орталығының мамандары жәбірленушілердің қалпына келуіне уақыт қажет екенін ескере отырып, оларға қолдау көрсетеді.

– Біздің әріптестеріміз – әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, заңгерлер – үлкен жұмыс атқарады. Алайда қаншама күш-жігер жұмсалса да, тұрмыстық зорлық көрген әйел кейде қайтадан үйіне, агрессорға оралады. Мұнда кешенді тәсіл қажет, ұзақ мерзімді жұмыс жүргізу керек. Бұл жұмыс тек құрбан әйелге ғана бағытталмай, оның айналасындағы адамдарға, агрессорға және балаларға да жүргізілуі тиіс, – дейді Қарағанды қаласындағы «Ана Үйі» ресурс орталығы жобасының өңірлік маманы Надежда Жалбаева.

Мұндай кризистік орталықтар әйелдерге қауіпсіздік сезімін қамтамасыз етеді. Жауапты мамандардың айтуынша, шара орталықтың жұмысын таныстыруға және ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»