Зиянды сырқаттар
Облысымызда ауыз қуысының қатерлі ісігіне шалдыққандар саны артқан. Жалпы, бас және мойын ісіктері 30-дан астам локализациясы бар ауруларды қамтиды. Ақпараттық апталық аясында дәрігерлер денсаулыққа жауапкершілікпен қарау қажет екені жайлы айтты.
Бас және мойын ісіктеріне ауыз қуысы, жұтқыншақ және көмей ісігі, сондай-ақ мұрынның, сілекей бездерінің және ортаңғы құлақтың сирек кездесетін 30-дан астам қатерлі ісіктердің локализациясы бар бас және мойын мүшелерінің ісіктері жатады.
– Қатерлі ісіктердің емі көбінесе уақытылы келгенге байланысты. Ем алушы неғұрлым ерте келетін болса, емдеу нәтижелері де жақсы болады. Өкінішке қарай, біз арнайы айтып отырған мойын және ауыз қуысы, қалқанша безі ағзалары көбінесе кешіккен немесе асқынған түрінде кездеседі, – дейді онкохирург, м.ғ.д Ерғали Шауенов.
Ауыз қуысының қатерлі ісігі – бас және мойын мүшелерінің қатерлі ісіктерінің ең көп таралған түрлерінің бірі, бұл – соңғы жылдардағы статистиканың дәлелі. Ісік ерінде, тілде, беттің ішкі жағында және басқа да бірқатар жерде локализациялануы мүмкін. Тіс дәрігеріне жиі баратын пациенттерде қатерлі ісік ауруын ерте сатысында анықтау ықтималдығы жоғары болады. Түсіндіру апталығы мүмкіндігінше көп адамның денсаулығын қарауға бағытталған.
– Өкінішке қарай, тек науқастар ғана емес, біздің әріптестеріміздің арасында да бар. Әрине, терапевтер, стоматологтер, лор дәрігерлері мән бермей, таралып кетеді. Біздің айтарымыз – уақытында емделіп, қаралып отыру керек. Сегізінші маусым күні Ашық есік күні өтті, біздің мекемеде тексеріле аласыздар, – деді амбулаториялық емхана қызметінің меңгерушісі Анатолий Красножен.
Бас және мойын ісіктерінің ең көп тараған түрі – жалпақ жасушалы обыр. Бас және мойын ісіктерінің көпшілігі (10 жағдайдың 9-ы) ауыз, мұрын және мұрын-жұтқыншақ бетін қаптап тұратын жалпақ жасушалардан түзіледі. Бас және мойын ісіктері арасында сирек кездесетіні – лимфома, аденокарцинома және саркома.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»