ЖЫР ДОДАСЫ

Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында дәстүрлі «Армысың, әз Наурыз» облыстық ақындар айтысы өтті. Дүбірлі додада 14 ақын бақ сынады.

Ұлытау облысының намысын Думан Самат қорғады. Ол дәстүрлі жыр додасына осымен екінші рет қатысып отыр. Былтыр арнайы бәйгені қанағат тұтқан. Биыл жүлделі бірінші орынды қанжығалады.

Осы Қарағандының ортасы, Қарағандының айтыскерлері маған қатты ұнайды. Бұл жерде айтыстың аға буын, орта буын, кіші буын деген сияқты жүйесі қалыптасқан. Бір-біріне бағыт беріп, бір-бірін тәрбиелеп жүреді. Сондықтан айтыстың даму деңгейі де жоғары деп ойлаймын, – дейді айтыскер Думан Самат.

Биыл Қазақстанда Наурызнама онкүндігі аталып өтуде. Ақындар айтысы Шаңырақ күніне дөп келді.

Күні кеше президентіміз Атыраудың алабында үлкен құрылтай өткізді. Сол құрылтайда айтылған халықтың әл-әуқатын, рухани, мәдени құндылықтарын дәріптейтін аталы сөздерді ақындар өзінің жырына арқау етеді деген үміттеміз. Бүгін жаңа форматта бекітілген күнтізбеге орай Шаңырақ күні. Сол шаңырағымыздың берекесін, еліміздің ынтымағын ақындар жырына арқау етеді деген үміттеміз, – дейді «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебінің жетекшісі Айтбай Жұмағұлов.

Жыр додасына жиналған жұрттың қарасы көп. Арнайы осы айтыс үшін Түркиядан ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Қасейінов те қонақ болып келген. Ал облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын шара шымылдығын ашып, айтыскерлерге сәттілік тіледі.

Дәстүрлі айтыс осымен жиырма жылға жуық өткізіліп келеді. Уағында еркімізді алса да, еңсеміз түскен жоқ. Осындай асыл қазынамыздың бірі – айтыс өнері. Құндылықтарымызбен қайта қауыштық. Биыл Наурыз жаңаша мәнге ие болды. Алыс жақындайтын, араз татуласатын ерек күндер бұл. Жалпыхалықтық сипатқа ие болып жатқан мәні терең, дәстүрі дестелі ұлт мейрамы баянды болсын! Ақындар алқынбасын! Менің ту сыртымда тұрған мына жас жігіттер, бүгінгі айтыстың өрендері, елдің, ұлттың рухын көтеріп, жоғын жоқтайтын нағыз азамат ақын болып өсіп келе жатыр. Оған да біз қуанамыз. Бәріне сәттілік! – деді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын.

Облыстың түкпір-түкпірінен келген айтыскерлердің әрқайсысы өз өңірінің мәселелерін қозғады. Көктемгі су тасқыны, шұрық тесік жол мен кеншілер жағдайын тілге тиек етті. Сонымен қатар Қаныш Сәтбаевтың еңбегі мен қазыналы қаланың мерейтойы да назардан тыс қалмады.

Жыр дүлдүлдерін бағалайтын әділқазылар алқасында Қ.Асан, С.Мұсайын, С.Тақыров, Е.Мұсабек, Д.Қами отырды. Бастапқыда қазылар алқасы ұпай қоюдан бас тартқан еді.

Ұлттық өнерді ұпаймен есептеу, оған баға беру дұрыс емес. Тек екі жұпты емес, жалпы қарап олардың арасынан сөз байлығы артық, үздігін таңдап алу керек еді, – деді қазылар алқасының төрағасы Қойлыбай Асанов.

Дегенмен халықтың сұрауымен ұпай қойылып, финалға төрт ақын жолдама алды. Үшінші орынды Нұра ауданының ақыны Жандос Бақытұлы және Қарқаралы ауданының айтыскері Бекарыс Оспанов өзара бөлісті. Екінші орынды Сырым Бейсенбек (Ұлытау облысы) және Нұрмұхамед Байсүгіров (Қарағанды) иеленді. Ұлытаудан келген Думан Самат бірінші болды. Ал бас жүлдені қаржылай сыйақысымен қоса бағы мен бабы келіскен теміртаулық ақын Еркеғали Бекболат еншіледі.

Жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Ақындардың бәрі дайындалып келген. Шаппай бәйге алу деген ниет ешкімде жоқ. Өзім де жақсы дайындалдым. Алдағы уақытта енді республикалық байқауларда топқа кіру ойда бар. Бұл басы ғана, – дейді Еркеғали Бекболат.

Жырға шөлдеген халық айтысты соңына дейін оразаға қарамастан тапжылмай тамашалады. Әнет баба мешітінің бас имамы ұйымдастырушылар тобына кірмесе де, Рамазан жайлы жырлаған екі ақынға өз атынан арнайы жүлде берді.

 Нұрәсем АХАН, «QH»