Жылыту маусымы басталды
Қарағандыда жылыту маусымы басталды. 1 қазаннан бастап қала тұрғындарының пәтерлеріне біртіндеп жылу беріле бастайды. Қалалық мәслихаттың кезекті 25-ші сессиясында 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық қорытындылары қарастырылып, жүйелерді уақытында іске қосу, алдағы маусымды апатсыз өткізу туралы айтылды.
Биылғы жылы Қарағандыдағы жылыту маусымына дайындық барысында ең ауқымды жұмысты «Қарағанды Энергоцентр» кәсіпорны атқарады. Кәсіпорынның жылу-электр орталықтары 21,2 миллиард теңге көлемінде жөндеу және жаңарту жұмыстарын жүргізіп, екі станцияның барлық қазандығы мен турбиналарын әртүрлі жұмыс түрімен қамтыды. Қазіргі уақытта отын қоры талаптарға сәйкес және қосымша маржамен дайындалған. Сондай-ақ, жылу желілері бойынша да ірі көлемдегі жұмыстар аяқталды, жалпы 301 шақырым құбыр жөнделді, ал абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасуда.
– Жоба 2026 жылға дейін жоспарланған. Осы уақытқа дейін 4,8 шақырым желіні жаңғырту көзделіп отыр, ал жобаның жалпы құны 13,4 миллиард теңгені құрайды. Бұл жобаның жүзеге асырылуы биыл басталып, 1,2 шақырым жылу желісі қайта жөнделді. Бұл бүкіл қаланы жылумен қамтамасыз ететін екі негізгі кезектің бірі және ең маңызды жобалардың қатарына жатады, – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.
Сондай-ақ, үшінші жылу шығару магистралі құрылысының аяқталуына да баса назар салынды. Бұл магистраль Оңтүстік-Шығыс ауданындағы жаңа тұрғын үйлерді сапалы жылумен қамтамасыз етіп, қолданыстағы желілерге түсетін жүктемені азайтады.
– Биыл біз ең маңызды жобалардың бірін – үшінші жылу шығару магистралінің құрылысын аяқтадық. Бұл жобаны жүзеге асыру Қарағанды қаласының дамуына алдағы 7-10 жылға дейін оң ықпал ететін болады. Бұрын негізгі шектеуші фактор жылу қуатының тапшылығы болып келген еді. Енді жаңа магистраль бұл мәселені шешіп, қаланың ары қарай өсуіне мүмкіндік береді, – деп атап өтті қала әкімі Мейрам Кожухов.
Атқарылған ауқымды жұмыстарға қарамастан, депутаттар жөндеу мен жаңартуды қажет ететін желілердің көлемімен салыстырғанда, қамтылған нысандардың әлі де аз екенін атап өтті. Көпқабатты үйлердің жылыту маусымына дайындығы да бөлек қарастырылды. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, шамамен екі жүзге жуық үй дайындық актілерін әлі алған жоқ. Депутат Төлеген Әшімовтың айтуынша, бұл мәселе жыл сайын көтеріледі, бірақ жағдай өзгермей келеді.
– Қалалық мәслихат депутаттары бұл мәселені соңғы 4-5 жыл бойы көтеріп келеді. Алайда, жұмыс баяу жүріп жатыр. Биыл жылу желілерін жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанына қарамастан, әлі де көптеген желі бақылаусыз қалып отыр, – деді Қарағанды қалалық маслихатының депутаты Төлеген Әшімов.
Депутаттар соңғы 5 жыл бойы қараусыз қалған желілер мәселесін көтеріп келеді, бірақ өкінішке қарай, бұл бағыттағы жұмыс баяу жүруде, – деп атап өтті халық қалаулылары. Сонымен қатар, су құбырларын жөндеу жұмыстары да жоспарға сәйкес аяқталды. Депутат Төлеген Әшімнің айтуынша, су желілеріне жауапты монополист кәсіпорын соңғы уақытта WhatsApp мессенджерінде топтар құрып, жауапты қызметкерлерді қосқан. Бұл топтарда апаттық жағдайларға қатысты шағымдарға жедел жауап беріледі. Ең көп апат дәл осы қараусыз қалған желілерде орын алатынын атап өтті.
– Жылыту маусымына дайындық кезінде біз сіздерге өз бағдарламамызды ұсындық және біздің айтылып, қаралған барлық міндетіміз бен идеяларымызды сіздер қолдадыңыздар. Осыған байланысты атқарылған жұмысқа қарап біз бүгінгі күні қыс мезгіліне дайын екенімізді айта аламыз. Алдымызға қойылған тапсырмалардың барлығын орындадық, – деді қала әкімі.
Екінші жыл қатарынан құны 1,5 миллиард теңге болатын жылу желілерін жөндеу бағдарламасы іске қосылды, бұл бұрын қаржыландырудың болмауына байланысты жүзеге асырылмаған еді, – деп атап өтті Мейрам Қожухов. Келесі жылы су бұру жүйелеріне ауқымды күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған, бұл депутаттық корпустың қолдауымен мүмкін болмақ. Сонымен қатар, облыс орталығының өмірлік маңызы бар жүйелерін сақтау және жетілдіруге бағытталған бірқатар маңызды жоба да іске асырылмақ.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»