Жылыту маусымы

Қарағандыда жылыту маусымы басталды. Дегенмен жылу барлық үйге жетпеді. Тұрғындар өткен айдан бері жылыту құралдарын қолданып келеді. Осыған байланысты, төтенше жағдайлар қызметі қауіпсіздік ережелерін еске салды.

Статистикаға сүйенсек, өрттердің 80%-ы тұрғын үй секторында орын алады. Ал олардың 60%-ы жылыту маусымында болады. Тек қана өткен қыркүйек айында үш өрт жылыту құралын қолдану кезінде орын алған.

– Электр жылытқыштарын қоспас бұрын, ең алдымен электр сымдарының жағдайын тексеру қажет. Екіншіден, электр құралдарының бүтіндігіне мән беру керек, өйткені кейбір адамда кеңес заманынан қалған ескі жылыту құралдары бар. Олардың сымдары істен шығып, оларды өз бетімен жөндейді, мамандарға жүгінбейді. Нәтижесінде зауыттық бүтіндікті және пайдалану мерзімін бұзады. Әр құралдың өз пайдалану мерзімі бар екенін түсіну керек. Сондай-ақ, адамдардың жылыту құралдарына кір жаятын жағдайлары кездеседі, – дейді Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нариман Бухтаев.

Құтқарушылардың айтуынша, адамдар жұмысына кетіп, пәтер жылы болсын деп жылытқыштарды қосулы қалдырып кетеді екен. Мұның салдарынан өрт болуы мүмкін. Себебі, электр құралдарын үнемі сөндіріп, оларға суынуға мүмкіндік беру керек. Сонымен қатар, жылыту құралдарын басқа заттардан алшақ ұстау қажет.

– Пеште кір жаюға, ағаш кептіруге, сондай-ақ, пешті тез тұтанғыш материалдармен жағуға болмайды. Пешті қолданатын адамдарға мұржаны тазалау керектігін ескертеміз, – деді маман.

Пеш иелеріне жүйенің бүтіндігін тексеріп, әдеттегі әктеу жұмыстарын жүргізуге кеңес береді. Бұл жарықтардың бар-жоғын көрсетеді. Сонымен қатар, мұржаларды тазалап, пештің астына темір табақ қою қажет. Көмірқышқыл газын анықтайтын датчикті орнатуға ақша аямау керек, дейді мамандар. 6,5 мың әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыға мұндай датчиктер мемлекет есебінен орнатылған. Мұздаған газ баллондарын жылыту құралдарының жанына қоймау және пешті тұтанғыш заттармен жағудан бас тарту қажет. Жалпы, күшейтілген профилактика оң нәтиже беруде. Өрттердің және олардың құрбандарының саны жыл сайын азайып келеді.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ, «QH»