ЖЫЛУСЫЗ «ЖБИ»
Қарағандыда Кирзавод, ЖБИ және Медсанбөлім тұрғын аймақтарындағы көпқабатты үйлер орталық жылыту жүйесіне қосылмаған. Бес қабатты үйлердің көбісі электр тоғымен, кейбірі «буржуй пешімен» жылытылады. Облыс орталығына тиіп тұрған қала бөлігі шенеуіктер назарынан тыс қалған.
Қарағанды сырт көзге заман талаптарына сай және өмір сүруге ыңғайлы деп танылатын қала. Бірақ, кеншілер шаһарының дамыған инфрақұрылымына қарамастан, оның бірнеше аудандары әлі де өркениеттік игіліктерге толыққанды қол жеткере алмай отыр. Сондай тұрғын аймақтарының бірі – «Темір-бетон өнімдері зауыты» ауданы ондаған жылдар бойы жылу, газ, ыстық су сияқты өркениеттің артықшылықтарынан ада қалған.
Зауыт өнімдеріне байланысты ЖБИ (железно-бетонные изделия) атауы берілген аудан жылу электр орталығына қосылмаған. Кеңес заманында тұрғын үйлерге жылу беретін темір-бетон зауытына тиесілі қазандық болған. Алайда, одақ тарағаннан кейін, аталмыш кәсіпорын құлдырап, от жағатын бөлме қиратылып, қазандық мүлде сақталмаған екен. Отыз жылға жуық уақыт бойы жергілікті тұрғындар айына 30-40 мың теңге электр қуатына төлеп, пешпен немесе қазандықтар арқылы пәтерлерін жылытып келеді.
— Кірпіштен қаланған үйлер жылы. Ал, біздің – бетоннан тұрғызылған үйлерде тек арнайы жылу қондырғылары мен титансыз өмір сүру мүмкін емес. Бастапқы кезеңде жертөлеге қазандықтар орнатып, құбырлар арқылы пәтерлерге жылу тарттық. Ол тиімсіз болғандықтан, қазір әркім өзіне ыңғайлы тәсілмен пәтерлерін жылытуда, – дейді, пәтерін арнайы қондырғының көмегімен жылытып отырғандардың бірі – Виталий Геннадьевич.
Дерек пен дәйек
Қарағанды қаласында көмірдің тоннасы – 14 000 теңге.
«Шұбаркөл көмір» АҚ-ында 4400 теңгеден, «Молодежный» разрезінде – 3000 теңге, «Гефестте» – 8000 теңге, «Кузнецкийде» 5000 теңгеге сатылып жатыр.
Республика бойынша 1 тонна көмірдің орташа құны – 12 мың 400 теңге.
Ең қымбат көмір Оралда – тоннасы 18 мың 500 теңге, ең арзан көмір Семей қаласында – 8 мың 660 теңге. Нұр-Сұлтанда тоннасына – 12296 теңге, Алматыда – 14000 теңге, Шымкентте – 13900 теңге, Ақтөбеде – 13500 теңге, Көкшетауда – 12517 теңге, Қарағандыда – 9786 теңге, Қостанайда – 12407 теңге, Қызылордада – 14067 теңге, Оралда – 18500 теңге, Өскеменде – 9695 теңге, Павлодарда
– 11149 теңге, Петропавлда – 11238 теңге, Семейде – 8660 теңге, Талдықорғанда – 12780 теңге, Таразда – 13640 теңге.
Жылусыз елді-мекен тұрғынсыз ауданға айналып, бірнеше көпқабатты үйлер сүріліп те тасталған. Бұл туралы аудан тұрғыны Наталья Георгина:
— Ауданда жылу беру жүйесі жоқ 76 көпқабатты үй бар. Қос қабатты тұрғын үйлерді жылыту оңай. Ал, бес қабатты үй тұрғындарының көбі жылу мәселесі шешілмегендіктен, басқа аудандарға, басқа қалаларға қоныс аударды. Тиісінше, бос қалған үйлер сүріліп, бір балабақша жұмысын тоқтатты. Біз де осы қалыпта өмір сүре алмаймыз деп ойлағанбыз. Бірақ уақыт өте келе жылыту жұмыстарын өзіміз ұйымдастырып, үйреніп қалдық. Десе де, мәселе аз емес. Көмір жағу үшін де көпқаражат керек: оны тасымалдапалып келу, сақтайтын орын керек, жоғарғы қабатқа шығару, тағы да сондай шаруалар шаш-етектен. Іргеден өтетін «Сарыарқа» газ құбырынан көгілдір отын алуға да кем дегенде үш жүз мың теңге қажет. Мұны көп адамның қалтасы көтере алмайды, — деді.
Ел болып, етек жауып, ес жиғанымызға отыз жыл болды. Тұрғын саны мыңға жетпесе де, облыс орталығының құрамдас бөлігі болып отырған шағын аудан әлі де сол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағыдай жылыту құрылғыларына тәуелді…
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,
«QH»