Жыл қорытындысы: Еліміздің энергетика саласындағы басты жетістіктері мен болашақ даму бағыттары
Еліміздің энергетикалық секторы экономиканың негізгі салаларының бірі саналады. Орнықты дамуға және жаһандық төмен көміртекті даму үлгісіне көшуге бет бұру жағдайында Қазақстан сенімді энергия көзімен жабдықтауды қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды белсенді түрде іске асыруда. Экономикалық белсенділіктің артуына байланысты электр энергиясын тұтыну өсуде, бұл өндіріс қуатын кеңейтуді қажет етеді. 2024 жылы Үкімет дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздерін теңгерімді дамыту үшін маңызды қадамдар жасады. Еліміздің электр энергетикалық кәсіпорындары республиканың өнеркәсіп және коммуналдық-тұрмыстық секторының қажеттілігі үшін жылуды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етеді. Саланы 2035 жылға дейін дамыту бойынша кем дегенде 26 ГВт жаңа қуаттарды енгізуді көздейтін жоспар бекітілді.
PrimeMinister.kz сайтының редакциясы Қазақстанның 2024 жылғы даму қорытындылары туралы жарияланым топтамасын жалғастыруда.
Қазақстанның ұлттық электр желісін дамыту
Бүгінгі таңда Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалпы қолда бар қуат көлемі 20,4 ГВт-ты, жұмыс қуаты 15,4 ГВт-ты құрады. Ағымдағы жылыту маусымында тұтынудың ең жоғары деңгейі 16,6 ГВт-қа жетті, ал ең жоғарғы мөлшерлі генерация – 15,1 ГВт.
Қазақстанда 222 электр стансасы жұмыс істейді (КЭС – 6 бірлік, ЖЭО – 41 бірлік, ГТЭС – 14 бірлік, ГПЭС – 7 бірлік, СЭС – 6 бірлік, ЖЭК – 148 бірлік). Оның ішінде 148 ЖЭК нысанның (шағын СЭС – 51 бірлік, ЖЭС – 54 бірлік, КЭС – 42 бірлік, БЭҚ – 1 бірлік) жалпы қуаты 2,9 ГВт.
2024 жылы Энергетика министрлігінің «Жылу-электр энергетикасын дамыту» бюджеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 14 жобаны (6 жылумен жабдықтау, 8 электрмен жабдықтау) іске асыруға 58,3 млрд теңге бөлінді. Жобалардың бірі, Орал қаласының «Ақжайық» ЕТЖҚ ауданындағы 110/10 кВ қосалқы стансасы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар үшін негізгі жабдықты жаңғырту, кеңейту және реконструкциялау жөніндегі жобалар пулын кеңейтуге мүмкіндік берді.
Қазіргі уақытта жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 22 инвестициялық келісім бар, оның ішінде лимит ұлғайғаннан кейін жалпы қуаты 1,36 ГВт болатын 13 келісім жасалды.
2023 жылғы қарашада «Қазақстан БЭЖ Батыс аймағының электр желісін күшейту» жобасы сәтті іске асырылды, оның шеңберінде «Батыс Қазақстан энергия торабы – Атырау – Маңғыстау» бағыты бойынша ұзындығы 780 км болатын 220 кВ электр беру желісі (ЭБЖ) салынды. Бұл қадам электр қуатының өткізу мүмкіндігі мен сенімділігін арттыруға бағытталған.
Келесі қадам ретінде 2028 жылдың соңына дейін Батыс аймақтың электр желілерін Бірыңғай электр энергетикалық жүйемен біріктіру жобасы іске асырылатын болады, ол үшін Ақтөбе және Атырау облыстарын жалғайтын ұзындығы 604 км болатын 500 кВ ЭБЖ салынады. Бұл Солтүстік және Оңтүстік аймақтардың электр энергиясы мен қуатының теңгерімсіздігін өтеу үшін Батыс аймақтың маневрлі газ энергия көздерін пайдалануды қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, құрылыс-монтаждау жұмыстарына 2025 жылы кіріседі.
Оңтүстік өңірлердің тұтынушыларын энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру және Орталық Азия елдерінің энергия жүйелерінің жұмыс режимдерімен байланысты апаттық бұзушылықтардың туындау тәуекелдерін азайту Оңтүстік аймақтың (Шу–Жамбыл–Шымкент) электр желілерін күшейтуді талап етеді. Қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ аталған жобаны іске асыруды бастады, оның 1-кезеңі 2027 жылы аяқталады, оның шеңберінде Шу–Жамбыл–Шымкент бағыты бойынша ұзындығы 475 км 500 кВ ӘЖ салынады. Қазіргі уақытта ЖСҚ әзірлеу жүріп жатыр.
Еліміздің солтүстік және оңтүстік өңірлері арасындағы байланысты одан әрі күшейту, сондай-ақ транзиттік әлеуетті арттыру үшін кернеуі +/-500 кВ «Солтүстік-Оңтүстік» тұрақты ток желілерін салу жоспарлануда. Өткізу мүмкіндігі 2000 МВт-қа артады.