Жыл мұғалімі – 2025
Қарағанды облысында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Жыл мұғалімі – 2025» өңірлік байқауының қорытындысы белгілі болды. Бұл байқау педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға және мұғалім мамандығының беделін көтеруге арналған. Биыл конкурста 33 үміткер бақ сынап, олардың ішінен тоғыз мұғалім ақтық сайысқа жолдама алды.
Білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев финалистерге құттықтау сөзінде бұл сайыстың тек бәсеке емес, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру мен мәртебесін көтеруге арналған маңызды алаң екенін атап өтті.
– Бүгінде біздің басты міндетіміз – адал, жауапты азаматтарды тәрбиелеу, жастарға адамгершілік құндылықтарды сіңіру. Осы игі миссияны абыроймен атқарып жүргендеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді ол.
Іріктеу кезеңдерінде қатысушылар сабақтағы және сыныптан тыс жұмыстардағы шеберліктерін көрсетсе, финалда олар шығармашылық қабілеттерін, білім деңгейін және тәжірибесін үш бағыт бойынша таныстырды. «Визит карточкасы» бөлімінде мұғалімдер өз шығармашылық жұмыстарын таныстырса, «Ашық микрофон» сұрақтарына жеребе бойынша жауап берді. Ал «Мұғалімнің жексенбісі» атты бөлімде педагогтер арнайы шығармашылық нөмір дайындады.
Байқаудың гран-при жүлдесін Осакаров ауданы, Ә.Бөкейхан атындағы тірек мектебінің тарих пәні мұғалімі Дәулеткерей Өнерхан жеңіп алды. Өз мектебінің түлегі, университеттен кейін туған мектебіне оралған жас педагог жеңімпаздық сезімін бөлісіп:
– Мұғалім үшін ең маңыздысы – мейірім, шынайылық, адалдық және еңбекқорлық. Үй тапсырмасында өзімнің нағыз жексенбімді көрсеттім, бұл кезең ең күрделілердің бірі болды. «Ашық микрофон» кезеңінде үш минут ішінде ойымды жинақтап, залда жауап беру қажет болды», – деді Дәулеткерей Өнерхан.
Бірінші орынды №2 арнайы мектеп-интернатының музыка пәні мұғалімі әрі дефектолог Медет Мауиянов алса, екінші орын Шәкәрім атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсем Қалиасқароваға, ал үшінші орын Балқаш қаласындағы №12 орта мектептің химия пәні мұғалімі Қанат Мақажановқа бұйырды. Сондай-ақ жекелеген аталымдар бойынша жеңімпаздар да анықталды. «Үздік сабақ» аталымын Бұқар жырау ауданы, Киров негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Әсия Давлатова иеленсе, «Үздік сыныптан тыс шара» аталымы «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының физика пәні мұғалімі Айдар Мұратқа берілді. «Үздік үй тапсырмасы» аталымының жеңімпазы Саран қаласындағы Абай атындағы мектептің математика пәні мұғалімі Гүлзада Сүлейменова атанды. Көрермендер көзайымы жүлдесін Приозерск қаласы, №2 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ольга Кузнецова жеңіп алды.
Сонымен қатар, Рамазан Төребеков атындағы арнайы грант Қарқаралы ауданы, М.Бәпиұлы атындағы №44 мектептің математика пәні мұғалімі Жазира Адамбаеваға табыс етілді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

