Журналист Сұлтан Кемелбаевтың жеке архивтік қоры таныстырылды
Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінде белгілі қазақстандық журналист, «Индустриальная Караганда» газетінің ұзақ жылдар бойы бас редакторы болған Сұлтан Кемелбаевтың жеке архивтік қорының таныстырылымы өтті. Жинақта оның өмір жолын, кәсіби қызметін және отандық журналистиканың дамуына қосқан сүбелі үлесін айқындайтын құнды түпнұсқа құжаттар сақталған.
Жеке архив қорын таныстыруға билік органдарының өкілдері, журналистер, Сұлтан Кемелбаевтың әріптестері, достары мен туыстары қатысты. Кейбір мәлімет алғаш рет кең аудиторияға қолжетімді болды. Архивке оның өмірбаяны, фотосуреттері, марапатқа берілген куәліктер мен грамоталар енгізілді. Барлық құжат журналистің жұбайы тарапынан түпнұсқада 2025 жылдың қараша айында тапсырылды.
– Шынындада, әкем көп еңбек етті, бүкіл өмірін осы өңірге, қалаға, Қарағанды облысына арнады. Ол журналистика саласына адал болды. Біз оның еңбегі өңірдің естелігінде сақталуын қалаймыз. Сондықтан бар материалдарды түгел жинап, тапсырдық, – деді Сұлтан Кемелбаевтың қызы Сәуле Кемелбаева.
Сұлтан Кемелбаев Ленинград университетінде білім алып, облыстық және одақтық басылымдарда тілші және бөлім басшысы ретінде қызмет атқарды. Журналистика саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін ол Қазақстан мен КСРО Журналистер одағының жоғары кәсіби наградалары, медальдары және құрмет белгілерімен марапатталды.
– Біздің басты мақсатымыз – өңір тарихын құжаттар арқылы сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу. Архивімізде жинақталған материалдар әрбір оқырманға, зерттеушіге және қызығушылық танытқан азаматқа қолжетімді, – дейді Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Ерлан Нелдібаев.
Мереке қарсаңында ұйымдастырушының материалдары негізінде тарихи-құжаттық көрме ашылды. Сондай-ақ Сұлтан Кемелбаевтың өмірі мен шығармашылық жолына арналған деректі фильмнің тұсаукесері өткізілді. Ұйымдастырушылар құжаттардың зерттеушілер үшін маңызды дереккөзге айналып, ұлттық тарихқа және журналистік кәсіби дәстүрлерге құрметті арттыратынын атап өтті.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»

