Жолдаудағы міндеттердің іске асырулуы
Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қарағандыда облыстың ауыл және кент әкімдерімен Мемлекет басшысының Жолдауын талқылауға арналған кездесу өткізді. Жиын «AMANAT» партиясының облыстық филиалы базасында ұйымдастырылып, оған 164 ауылдық округ пен кент әкімдері, сондай-ақ қалалар мен аудандар әкімдерінің идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары қатысты. Кездесудің модераторы – Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей болды.
Өз сөзінде Әлібек Әлденей Қарағанды облысының еліміздің индустриалды орталығы ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда алдыңғы қатарда тұрғанын атап өтті. Кездесу барысында инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу, көлік-логистикалық әлеуетті арттыру, соның ішінде «Сарыарқа» әуежайын CargoHUB мультимодальды авиациялық хабы ретінде дамыту жобасы мен Teez электрондық коммерция орталығын құру мәселелері талқыланды.
Баяндамалармен Нұра ауданының әкімі Бахытжан Мұқанов, Шет ауданы Ағадыр кентінің әкімі Мерей Қойшыбаев және Бұқар жырау ауданы Үштөбе ауылдық округінің әкімі Әлем Көпбаева сөз сөйледі. Олар өз өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен Президент Жолдауында белгіленген тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндап, ауылдық жерлердегі өзекті мәселелер мен олардың шешу жолдарын ұсынды.
Кездесу қорытындысында Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңір әкімдерінің жұмысына оң баға беріп, Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындауда жергілікті атқарушы органдардың жүйелі әрі үйлесімді қызметінің маңыздылығын атап өтті. «Жолдауда қойылған мақсаттар – бұл тек қағаз жүзіндегі міндет емес, елдің болашағына бағытталған нақты бағдар. Сондықтан әрбір әкім өз өңірінде халықпен ашық байланыс орнатып, Жолдаудағы бастамаларды нақты іспен дәлелдеуі қажет», – деді Мәлік Нұржанұлы.
Президент Кеңесшісі сондай-ақ идеологиялық жұмысты күшейтудің және тұрғындармен тиімді коммуникация орнатудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, «қоғам мен билік арасындағы сенім – мемлекеттік саясаттың басты тірегі, ал оны нығайту үшін ашықтық пен шынайы диалог қажет». Мәлік Отарбаев Жолдауда көрсетілген цифрландыру бағытының ауылдық өңірлер үшін айрықша мәнге ие екенін де атап өтті. «Заманауи цифрлық шешімдерді енгізу – бұл тек тиімділік емес, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттырудың жолы. Әр ауыл тұрғыны мемлекеттік қызметтерге онлайн қол жеткізе алуы тиіс», – деді ол өз сөзінде.
Кездесу аймақтық даму мәселелерін талқылау және ашық пікір алмасумен аяқталды. Мәлік Нұржанұлының пікірінше, мұндай кездесулер жергілікті билік пен орталық органдар арасындағы байланысты күшейтіп, өңірлердің даму қарқынын арттыруға сеп болады. Қарағанды облысына сапар барысында Президент Кеңесшісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында қойылған тапсырмалардың өңірде орындалу барысымен танысып, алдағы мақсаттарды нақты айқындап берді.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»