Жолдау мен сайлауалды бағдарламаның орындалуы талқыланды
Қарағанды облысында «AMANAT» партиясының облыстық филиалында депутаттық фракцияның кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында қатысушылар Президент Жолдауында айтылған өзекті тапсырмалар мен бастамаларға терең талдау жасап, оларды өңірлік деңгейде іске асыру тетіктерін қарастырды. Сонымен қатар партияның 2023–2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы егжей-тегжейлі сараланып, алдағы жұмыс бағыттары нақтыланды.
Әлеуметтік жобалардың іске асырылуы мен өңірлік Жол картасының орындалу барысы кезекті отырыста негізгі талқылау тақырыбына айналды. Жиында айтылған деректерге сүйенсек, биылғы жылдың сегіз айында жоспарланған 136 тармақтың тек 29-ы ғана орындалған. Бұл көрсеткіш бағдарлы бастаманың жүзеге асуына әлі де серпін қажет екенін аңғартады.
— Жол картасының орындалуы – жай формальді міндет емес, бұл – тікелей азаматтардың өмір сапасына ықпал ететін нақты әрі маңызды жұмыс. Жоспардағы әрбір тармақ толығымен орындалуы тиіс. Бұл ретте жауапты басшылар мен халық қалаулыларының жеке жауапкершілігі ерекше мәнге ие, себебі дәл осы фактор жобаның нәтижелі жүзеге асуына тікелей әсер етеді, — деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
«AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы партияның тиімді жұмысы ең алдымен халықпен тығыз байланыс орнатуға тәуелді екенін атап өтті. Сонымен қатар, Бекзат Алтынбеков парламенттік реформаларға дайындықтың өзектілігіне ерекше тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілуі қажет екенін алға тартты.
— Парламенттік реформа — елдегі саяси жаңғырудың жаңа белесі. Бір палаталы Парламент қалыптасқанда, саяси бәсекелестік артып, әр партияның жауапкершілік деңгейі де айтарлықтай өседі. Сондықтан облыстық филиалдың барлық құрылымдары бұл өзгерістерге алдын ала және жүйелі түрде дайындалуы қажет, -дейді «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков.
Кезекті отырыста «Таза Қазақстан», «Қарызсыз қоғам» және «Жер аманаты» сияқты ірі партиялық жобалар талқыланып, «Жастар рухы» мен Әйелдер қанатының қызметі назарға алынды. Барлық деңгейдегі депутаттардың бұл бастамаларды іске асыруға белсенді қатысуы халық сенімін нығайтып, қойылған мақсаттарға жетуге ықпал ететіні ерекше атап өтілді. Отырыс қорытындысында фракция депутаттары мен басқарма басшыларына Жол картасының орындалуына бақылауды күшейту және сайлаушылармен жұмысты жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»