Жолаушылар шағымы

Қазақстанда әуе рейстерінің кешігу фактілері жиілеп, нәтижесінде жолаушылар шағымы артқан. Үкімет бұл мәселені маңызды деп санап, әуе тасымалдаушыларының уақытылы қызмет көрсетпегені үшін жауапкершілікті қатаңдату шараларын қолға алуды жоспарлап отыр.

Қарағанды облыстық «Заңгерлік кеңесшілер палатасының» мүшесі Мадияр Аймырза Алматыдан Оралға ұшатын билет алған. Алайда авиакомпанияның атынан рейстің 2 сағатқа кешігетіні жайлы хабарлама келген көрінеді. Бірақ бұл компьютерлік жүйеден кеткен қате болып шықты. Нәтижесінде Мадияр мырза басқа ұшаққа билет алған. Заңгердің айтуынша көптеген қазақстандық өз құқықтарын жіті білмейді. Және соның кесірінен көп уақытын және қаражатын жоғалтады.

– Қандай жағдайда бізде халық, өзінің құқығын пайдаланбайды және оны қолданбайды? Біріншіден, ондай шарттардың бар екенін білмейді. Екіншіден, келісімшартты мүлдем оқымайды. Үшіншіден, құқықтық сауатсыздық орын алады. Төртіншіден, ол шығынның қайтуына сенімсіздік білдіру. Қазір шыны керек көбісі, жағымды нәтижеге қол жеткіземін деген сенім жоқ халықта. Әсіресе заң жағынан, – дейді Қарағанды облыстық «Заңгерлік кеңесшілер палатасының» мүшесі Мадияр Аймырза.

Егер рейс 8 немесе одан да көп сағатқа кешігетін болса әуе компаниялары төмендегі талаптарды ұйымдастыруға міндетті:

  • ана мен бала бөлмесін;
  • сусындар мен тағам;
  • қонақүй қызметін;
  • сондай-ақ әр кешіккен сағат үшін тариф құнының 3%-ы көлемінде айыппұл төлейді.

Ал енді Үкімет ұсынған әуекомпаниялардың уақыт талабына қаншалықты сай екеніне көз жүгіртейік.

Әуе компанияларының нақтылық рейтингі:

  • «Air Astana» компаниялар тобы: 46 980 рейстің 12 111-і кешіктірілген, тиянақтылық пайызы – 74%;
  • «SCAT» әуе компаниясы: 14 030 рейстің 3 877-сі кешіктірілген, тиянақтылық пайызы – 72%;
  • «Qazaq Air» әуе компаниясы: 6 813 рейстің 1 728-і кешіктірілген, тиянақтылық пайызы – 75%;
  • «Южное небо» әуе компаниясы: 1 960 рейстің 111-і кешіктірілген, тиянақтылық пайызы – 94%.

Бұл ретте Қазақстанда әуе компанияларын кез келген рейс статусының өзгерісі үшін жазалау туралы бастама көтерілуде. Бұл туралы Премьер-Министр депутаттық сауалға берген жауабында айтты. Қазіргі таңда бұл нормалар заңнамалық тұрғыда пысықталуда. Өзгерістер рейс бағытына, ұшу уақытына немесе кешігуіне қатысты болмақ. Айта кету керек, биыл әуе тасымалдаушылары рейстердің кешігуіне байланысты 44 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеген. Сонымен қатар, пилоттық режимде жолаушыларды ерікті сақтандыру жобасы әзірленуде. Бұл жүйе арқылы ұшу кешіккен жағдайда жолаушыларға бірден өтемақы төленуі көзделуде.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,                                   

«QH»