Жолаушылар көлігінің жұмысы жанданады
Қарағандыда жол жырынан кейінгі өзекті мәселенің бірі – жолаушылар көлігінің тапшылығы. Нақтырақ айтқанда, көлік емес, сол қоғамдық көлікке жүргізушілер жоқ. Ендігіде сол тапшылықты жоюдың оңтайлы тәсілі табылғандай. Қарағанды жолаушылар көлігін Алматы мен Тараздан келген жүргізушілер игеретін болады. Жұмысы тұралап қалған талай маршруттың қозғалысы қайта жанданбақ. Аялдамада таңның атысы, кештің батысы сарылып автобус күтер жолаушылар үшін мұның айтулы жаңалық болары анық.
Қарағандылықтар мен серіктес қала тұрғындарының қоғамдық көлікке қатысты шағымы шаш етектен екені айтылып келеді. Шындығында, жағдай солай. Көптеген қоғамдық көлік қозғалысы кешкі 6-7-де тоқтайды. Өндірісті өлкедегі қайнаған жұмыс уақыты аяқталар шақта, жұрт уақытылы үйіне қайтуда, діттеген жеріне жетуде көптеген қиындыққа тап болады. Айта кету керек, өткен жылы автопарктер 150 жаңа автобус сатып алды, оған тағы 100-і қосылмақ. Мысалы, №5 автопаркте бүгінде бірде-бір жаңа автобус жоқ. 41 автобустың тек жартысы ғана желіге шығады. Пришахтинск секторының аумағында шамамен 68 мың адам тұрады. Бұл – іс жүзінде үлкен елді мекен. Одан да бөлек шағын серіктес қалалар бар. Олардың бәрінің базынасы бір. Қоғамдық көлік қозғалысының қолайсыздығы.
№5 автопарк болса жазға салым QazTehna Саран зауытынан 50 жаңа автобус күтуде. Жаңа автобус алынған күннің өзінде жағдай жайнап сала бермейтіндей. Себебі жүргізуші тапшы. Қазір 44 көлікке – 39 жүргізуші. Ол аздай, қажетті мөлшердің жартысы ғана желіге шығады. Мәселе мынада: қалалық маршруттарда жұмыс істеу үшін «Д» санатындағы 3 жылдық тәжірибесі бар жүргізушілер қажет, ал мұндай тәжірибені алатын жер жоқ. Оны тек Астанада ғана тапсыруға болады. Сондықтан басшылық басқа қаладан мамандар алдырып амалдамақ. №5 автопарк директорының орынбасары Мақсат Әлсеновтің айтуынша, сырттан келер жүргізушілерді бізде тұрақтату үшін түрлі амал жасалуда. Қазір автопаркте жатақхана немесе қонақүй секілді орынжай салу қолға алынған. Сол жерде басқа қалалардан келген жүргізушілер қоныстанады. Алматы, Тараз қалаларымен келісім бар. Осының бәрі жүргізуші тапшылығын жою жолында жасалып жатыр.
№5 автопаркте жүргізушілердің жалақысы да тым төмен, бұл да айналымдағы жұмыстың мандымауына ықпал етеді. Автопарктегілер электронды төлемге көшу арқылы парктің табысы өсетініне сендірді. Сондықтан жалақыны да біртіндеп 400-500 мың теңгеге дейін көтеру көзделіп отыр.
Қарағандыдағы қоғамдық көліктер қозғалысы, балалар жолақысы сынды мәселе жақында облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаевтың БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында да талқыланды.
Қаңтар айында өңір басшысы Қарағандыда 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге тегін жол жүруді енгізу туралы мәлімдеді. Алайда кейінірек республикалық бастама пайда болды. «Бақытты бала – Бақытты ана – Бақытты отбасы – Бақытты ел» Жол картасына сәйкес, бүкіл ел бойынша жасөспірімдер 1 наурыздан бастап жолақысының 50 пайызын төлей бастады. Осыған байланысты «1 мамырда Қарағандыда жолақысына қатысты не күту керек?» деген сұрақ туындады. Өңір басшысының айтуынша, барлығы өз күшінде қалады және қарағандылық балалар қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Бастысы, автопарк шығындарын өтеу үшін сапарларды есепке алып отыратын карта болуы керек. Әкімдік 1 мамырдан бастап облысымыздың әр түрлі аймағынан келген балалар да 7-ден 18 жасқа дейінгі қарағандылықтармен тең дәрежеде тегін жүреді деген шешім қабылдады. Ең бастысы, ONAY! картасы болуы керек. Жалпы, электронды төлем енгізу бағытында атқарылған жұмыстар бекер болған жоқ. Тасымалдаудың ашықтығы шынымен де өз жемісін беруде. Осыған дейін тасымалдаушылар қитұрқы тәсіл тапса, артынша ол да айғақталды. Бұл туралы журналистермен жүздесу барысында өңір басшысы былай деп түсіндіріп өтті:
– Біз ONAY! карталарын енгізіп, серіктес қалаларға жол жүру ақысын 80 теңгеге бекіткенде, тасымалдаушылар жолаушылар санын азайтып көрсеткені белгілі болды. Олар маған күніне шамамен 16-17 мың адам қалаға келетінін айтса, бүгінде электронды төлемнің арқасында жолаушылар саны 30 мыңға жуықтайтынын көрсетіп отыр.
Бүгінде қала маңындағы маршруттарда 87%-ға дейін қолма-қол ақшасыз төлем түрі болса, қалаларда бұл көрсеткіш 96%-ға дейін жетеді. Тасымалдаудың жүйелілігіне қатысты проблемалар әлі де бар, бірақ олар жылжымалы құрамды ұлғайту арқылы шешілуде. Биылғы жылы жүз жаңа автобус сатып алу жоспарланып отыр. Олардың бір бөлігі автопаркті жаңарту үшін, тағы бір бөлігі маршруттарды ұлғайту үшін бағытталмақ.
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QH»