Жол жөндеу жұмыстары қарқынды

«Қарағанды-Балқаш» тасжолының жөндеу барысы 2019 жылдан бері ел назарында екені анық. Жыл соңына дейін ашылуы тиіс алты жолақты магистраль құрылысы аяқталуға  жақын қалды.

Жұмысы сағызша созылған тасжолдың құрылыс сапасы мен барысын бақылау үшін «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Қарағанды облыстық филиалының басшысы Ерлан Жұмағұлов, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық полиция департаментінің және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған арнайы топ бірге тексеріске шыққан болатын. Қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы аясында тасжолдың жай-жапсары туралы мол мағлұмат мәлімденді.

Алғашқы аялдама Жұмабек ауылының Қарағандыға барар жолы болды. Жол торабына арнайы белгілер мен бағдаршам орнатылады. Ауылдан қалаға қарай шыққан көлік жолы негізгі жолдағы көлік қозғалысына кедергі келтірместей етіп жасалған.

– Жол ауыл тұрғындарына тиімді болу үшін олармен ақылдаса отырып, салынып жатыр. Ең басты қаперге ұстар жай – ол ауыл малының тасжолға шығып кетпеуі. Жол құрылысы барысында мұны да ескердік. Жолдың ауылдан өте беріс тұстарына мал өтетін арнайы ашық өткелдер, көпірлер орнатылды. Ондай өткелдің саны – 50. Бұл өткелдер Балқашқа дейін жалғасады. Ал, мал өтетін жерге жылқының бейнесі қойылады. Ол жай бейне емес. Бейне-белгілер жүргізуші көзіне алыстан түсетіндей арнайы жарқырайтын бұйымдардан жасалған. Сонымен қатар, жол бойында қар ұстайтын бөгеттер де ескерілген. Жолдың көктемдегі қар суы жиналатын ойпаң жерлерінде 150 шақырымға дейін суағарлар орналасқан, – дейді Ерлан Жұмағұлов.

Мамандардың айтуынша, жолда тоқтап демалатын 18 тұрақ салынады. Олар 24 сағат жұмыс істейді. Атап айтсақ, жуынатын орнымен қоса намазхана, дәретхана болады. Сонымен бірге, көлік жөндейтін, дөңгелек жамайтын орындар да қарастырылған. Ол орындар кәсіп жасағысы келген кәсіпкерлерге берілмек. Әрине, бұл – «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ өкілдерімен кеңесе отырып шешілер мәселе.

Ерлан Маратұлының сөзінше, тамыз айының соңына дейін Балқашқа дейінгі 363 шақырымның 250 шақырымы жөнделіп қолданысқа беріледі. Естеріңізде болса, жол жөндеу 2019 жылы басталуы тиіс еді. Алайда, пандемияның әсері әлеуметтің әлеуетін әлсіретіп қана қоймай, қымбатшылыққа да ұрындырды. Жол құрылысына керекті заттардың қымбаттауы салдарынан жөндеу кейінге қалған-ды. Десек те, қазір жұмыс қарқынды. «ҚазАвтоЖол» қара халықты жолдың қарашаның аяғына дейін толық аяқталатындығына сендірдіріп отыр.

Жолдың негізгі құрылысына келсек, мамандардың айтуынша, жол 4 жолақтан тұрады. Жолақтың біреуінің ені – 3 метр 75 см ал, жалпы ауқымы 25 метрді құрайтын көрінеді.

– Жолдың сапасы өте жақсы. Бұл жолмен жүргеніме жыл жарым уақыт болды. Қазір Ресейдің Новосібір қаласынан келе жатырмын. Ең бастысы – жол кең, әрі жолаушыларға қауіпсіз. Сол көңілді жайландырады. Тас­жолмен әуелден бері, яғни, жол жасалғаннан бері жүргендіктен жол құрылысына да куә болдым. Жолға төселген асфальт құрамы бірнеше қабаттан тұрады. Сондықтан, бұл жол көп жылға шыдамды болуы тиіс. Бұрын Сарыағаштан Павлодарға тәуліктеп жүретін едік. Қазір екі сағатта жетіп барамыз. Еліміздің жолы Ресейдің жолдарынан әлдеқайда артық дер едім, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны, жолаушы Қайыр Райымбердиев.

Жол құрылысында жолаушы қауіпсіздігі қатаң сақталған. Ақсуға дейінгі жол үстінде кезігетін төбелер мен бұйраттарға арнайы барьерлер (кедергілер) орнатылған. Ол кедергілер төбе астындағы көрінбей келе жатқан көлікке қарсы қозғалысқа шықпас үшін қойылған. Алайда қайғылы жол-көлік оқиғаларының салдарынан небір адамның жанын жалмады. Талай жан жарақат алды.

– Қазір жолдағы жөндеу жұмыстарына байланысты көлік жылдамдығы қатаң түрде сағатына 50-70 шақырымды құрауы тиіс. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өткен жылы өңірдің негізгі тасжолдарында 392 жол-көлік оқиғасынан 167 адам қаза тауып, 430 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алған екен. Орны толмас қайғыға бастар басты себеп – жылдамдықты шамадан тыс арттыру, – деп атап өтті Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Ал «Жолдың тез тозуының салдары  – жүк көліктері», деп түсіндірді Ерлан Жұмағұлов. Десе де, жол сапасын құртатын бірден-бір себеп – күн ыстығында жолда жүретін ауыр жүк көліктері. Полиция департаментінің  өкілдері бұл олқылықтың да алдын аламыз деп уәде беруде. Жолдың барьерлері, белгілері мердігер компанияға жүктелетін көрінеді. Егер де ол сынып, я бүлінсе, оны қалпына келтіру мердігердің мойнында. 363 шақырымдық бұл жолға 30 қарашаға дейін ондай белгінің 1560-ы орнатылады.

Жанбота БЕЙСЕМБАЙ, «QH»