Жол қозғалысы ережелерінде қандай өзгерістер бар?
5 сәуірден бастап Әкімшілік кодекске енгізілген түзетулер күшіне енеді. Енді күндіз жарық шамдарын қоспағаны үшін айыппұл салынбайды. Сонымен қатар, жылдамдықты асыруға қатысты жауапкершілік күшейтіліп, орташа жылдамдықты есептеу жүйесі енгізіледі. Бұдан бөлек, мопедтерді тіркеу міндеттеліп, жүргізушілерге қатысты басқа да маңызды өзгерістер бар.
Дмитрий Чаренцев мопед сатып алуды көптен бері армандаған. Енді оны сатып алуға дайын. Бірақ 5 сәуірден бастап мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестіріледі. Ал бұл мәселе бойынша сұрақ көп, жауап аз. Мысалы, қытайлық мопедтерде қозғалтқыштың нақты қуаты құжаттарда көрсетілгеннен жоғары болып шығады, дейді Дмитрий. Ол халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеу кезінде осындай күтпеген мәселелер туындауы мүмкін деп алаңдайды.
– Тіркеу үдерісі қалай өтеді? Мысалы, сақтандыру сомасы қандай болады, техникалық тексеру, салықтық міндеттемелер қалай реттеледі? Қазір бұл мәселелер толық қарастырылмаған. Егер мопедті тіркеп қойған соң, оған жаңа талаптар енгізілсе, оны ұстау тиімсіз болып қалуы мүмкін. Ол кәдімгі көлік сияқты шығын талап ететін болады, – дейді Дмитрий Чаренцев.
Дмитрийде «B» санатты жүргізуші куәлігі бар, сондықтан оған «A» санатын алу қажет емес деп түсіндірді полиция. Бірақ бұл тек қозғалтқышы 50 кубтық мопедтерге қатысты. Оны арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тіркеу төлемін төлеп, техникалық құжаттарын ұсыну қажет. Арнайы ХҚКО қызметкерлері мопедті қарап, акт толтырып, нөмір береді. Ал қалған жүргізушілер автодромда емтихан тапсыруы тиіс.
– Қазір ауа райының қолайсыздығына байланысты емтихандар қабылданбайды. Бірақ сәуір айына қарай, қар еріп, жол құрғаған кезде практикалық емтихандар басталады, – деп түсіндірді Қарағанды облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Азамат Дайрабаев.
5 сәуірден бастап жылдамдықты, оның ішінде орташа жылдамдықты асырғаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Орташа жылдамдықты есептеу жүріп өткен қашықтықты уақыт аралығына бөлу арқылы жүзеге асырылады. Бұрын 40 км/сағ және одан жоғары жылдамдықты асырғандарға бір ғана айыппұл қарастырылған. Енді 60 км/сағ асырғандарға бөлек айыппұл енгізіледі. Мұндай заң бұзушылық үшін айыппұл мөлшері – 157 мың теңге.
– Сыртқы жарық құрылғыларын қолдану бойынша айыппұл алынып тасталды. Тек ескерту қалдырылды. Егер жүргізуші алғаш рет күндіз фарасын қоспаса немесе дыбыстық сигналды дұрыс пайдаланбаса, тек ескерту беріледі. Бұрын ескерту немесе 3 АЕК көлемінде айыппұл салынатын, – деп атап өтті Қарағанды облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Елжас Жартыбаев.
Жүргізу құқығынсыз көлік жүргізгені немесе мас күйінде рөлге отырғаны, сондай-ақ медициналық тексеруден бас тартқаны үшін (613-бап) жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігі 7 немесе 8 жылға шектеледі. Ал ауа райы қолайсыз болғанда жылдамдықты шектеу мәселесіне келсек, полиция жақын арада жолдарда жарық диодты жол белгілері орнатылатынын хабарлады. Ауа райы нашарлаған жағдайда олар жылдамдықты 60 км/сағ дейін шектеуді көрсетеді. Бұл шектеулер жылдамдықты бақылау камераларымен біріктірілетін болады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»