Жол мәселесі – бақылауда: комиссия ұсыныстар мен сапаға қатысты алаңдаушылық білдірді

Қарағандыда жол сапасына қатысты бақылау күшейтілді. Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында қайта жөндеуден өткен және кепілдік мерзімі әлі аяқталмаған жол учаскелерінің қазіргі жағдайы жан-жақты талқыланды. Жиында жол инфрақұрылымындағы оң өзгерістермен қатар, әлі де шешімін таппаған түйткілді мәселелерге де назар аударылды. Депутаттар жауапты мердігерлер мен атқарушы органдардан сапаға қатысты нақты талаптардың орындалуын қадағалауды талап етіп, тұрғындар тарапынан түскен шағымдарды да ескерусіз қалдырмауға шақырды.

2025 жылы Қарағанды облысында жол инфрақұрылымын жаңғыртуға баса мән берілмек. Жоспарға сәйкес, жалпы ұзындығы 673 шақырым болатын автокөлік жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезекті отырысында мәлім болды. Аталған көлемнің ішінде 242 шақырым республикалық маңызы бар жолдар болса, 84 шақырым облыстық деңгейдегі бағыттарға тиесілі. Қалған 237 шақырым жергілікті деңгейдегі – қалалар мен аудандар арасындағы жол желісін қамтиды. Бұл шаралар өңірдегі көлік қатынасын жақсартуға, жүк тасымалы мен жолаушылар қозғалысын жеңілдетуге бағытталған. Қалалық мәслихат депутаттары жол жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып отыр. Олар құрылыс барысының стандарттарға сай болуын қамтамасыз ету үшін бақылау тетіктерін күшейтуді ұсынып отыр. Жол сапасы – тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер етеді. Сондықтан әрбір жоба бойынша техникалық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз, — деді мәслихат өкілдері. Жол инфрақұрылымын дамыту тек көлік қатынасын емес, сонымен қатар аймақтың инвестициялық тартымдылығын да арттыратыны белгілі. Осы ретте, халық қалаулылары жобаларды сапалы әрі мерзімінде орындауды басты назарда ұстайтындарын жеткізді.

– Печугин көшесінен бастап, Терешкова көшесіне дейінгі жоғарғы қабатқа асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Ертең бұл учаске автокөлік қозғалысына ашылады. Магистральдің солтүстік бөлігінде негізгі дайындау жұмыстары жүргізілуде. Қала бойынша жалпы ұзындығы 86, 8 шақырым жол жөнделеді. Оған Гоголь, Тәттімбет, Попов, Методическая сияқты көлік қозғалысы көп көшелерде кіреді, – деді Қарағанды қаласы «Коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы Ержан Кокушев.

Қалалық мәслихаттың комиссия отырысында жол инфрақұрылымына қатысты жоспарлар жан-жақты талқыланды. Алайда комиссия мүшелері бірқатар мәселелерге қатысты келіспейтін тұстарын жеткізді. Олардың айтуынша, кейбір шешімдер қабылданғанда тұрғындардың пікірі, сондай-ақ депутаттар мен қоғамдық кеңес тарапынан айтылған нақты ұсыныстар толық ескерілмеген. Депутаттар тозығы жеткен, бірнеше жыл бойы жөндеу көрмеген көшелердің бар екенін атап өтті. Бұған қоса, соңғы жылдары салынған кейбір жолдардың сапасы сын көтермейтінін де тілге тиек етті. Жолдардың ой-шұқыры мен тез бұзылуы тұрғындар тарапынан жиі шағым туғызатыны айтылды. Кездесу барысында құрылысқа қолданылатын материалдардың сапасы, олардың қолдану технологиясы, құрылыс жүргізу тәртібі мен мердігер ұйымдардың жауапкершілігі кеңінен сөз болды. Халық қалаулылары әрбір кезеңнің ашық әрі талапқа сай өтуі қажеттігін баса айтты. Жергілікті әкімдіктермен жол құрылысы бойынша келісімшарттар жасалғаны мәлім болды. Дегенмен, атқарылатын жұмыстардың сапасы мен нәтижесі тұрақты бақылауда болады. Мәслихат өкілдері мен қоғамдық кеңес мүшелері жол саласына қатысты жобалардың ашықтығын, сапасын және орындалу мерзімдерін үнемі назарда ұстайтындарын жеткізді. Халық қалаулары жұмыс барысын бақылауда ұстайтындарын айтты.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»