Жол мәселесі
Биыл Қарағанды облысында 1 029 шақырым автомобиль жолы жөнделеді. Бұл ретте қалааралық жолдарды жаңарту ісі де көзделген. Мәселен, «Саран – Шахтинск» автожолын күрделі жөндеу, ал «Қарқаралы – Қоянды» учаскесін орташа жөндеу жоспарланып отыр. Жол жөндеу жұмыстары Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтылды.
Қарағанды облысында жол жөндеу маусымы барысында республикалық маңызы бар 461 шақырым, облыстық маңызы бар 178 шақырым, сонымен қоса қалалар мен аудандарда 390 шақырым жол бөлігін жөндеу жоспарда. Айта кетері – өткен жылы басталған «Қарағанды – Балқаш» республикалық автожолы мен «Балқаш – Бурылбайтал» жолына қатысты жобалар биыл толығымен аяқталуы тиіс.
– 2023 жылы «Қарағанды – Балқаш» республикалық автожолына төрт жолақты жабын төселді. Жобаны биыл толығымен аяқтау жоспарлануда, – дейді Қарағанды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мұқашев.
Сонымен қатар биыл «Қарағанды – Қарқаралы» автожолының 52 шақырымына да орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Былтыр Қарқаралы қаласына апаратын жол учаскесінің 44 шақырымы орташа жөнделді. Осы маусымда 571 шақырым жергілікті жол аумағы да жаңартылады. Мәселен, ұзындығы 20 шақырым болатын «Нұра – Осакаровка» жолының учаскесі қайта жаңартылады, «Сәкен Сейфуллин – Өспен – Ақадыр» автожолының 26 шақырымы, сондай-ақ «Ақсу-Аюлы – Ақтоғай» автожолының 57 шақырымы орташа жөндеуден өтеді. «Ақтас – Саран» учаскесіне асфальт төселеді. «Қарқаралы – Қоянды» учаскесін орташа жөндеу және ұзындығы 19 шақырым «Саран – Шахтинск» автожолын күрделі жөндеу, сондай-ақ Шерубай-Нұра өзені арқылы өтетін көпірді және «Теміртау – Токаревка» жолындағы Нұра өзені арқылы өтетін көпірді де қайта жаңарту жұмыстары жалғасады.
– Көпір жаңарту жобасын жүзеге асыру жол қозғалысы қауіпсіздігіне септігін тигізеді. Сонымен қоса Теміртауға және одан әрі баруды көздеген Ғабиден Мұстафин кенті тұрғындары үшін жол жүру уақытын қысқартады, – деп атап өтті Мақсат Мұқашев.
Брифинг барысында осы маусымда қолға алынуы тиіс жаңа жобалар да таныстырылды. Мәселен, биыл «Қарағанды – Жезқазған» автожолын қайта жаңартқалы отыр, бүгінде жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Сол сияқты, «Шахан – Молодецкий» жолының 5 шақырымы және Дубовка кентінен Саран қаласына дейінгі 6 шақырымдық тасжолды қайта жаңартуға да жобалық құжаттар даярлануда.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»