Жол-көлік оқиғасы азаяр емес

Облыс орталығындағы автожолдарды жарықтандыру мәселесі әлі шешілген жоқ. Автотрассалардағы апатты жағдайлар азаяр емес. Қалыптасқан жағдай мемлекеттік органдардан проблеманы шешу жөнінде нақты шаралар қабылдауды талап етеді.

— Қоғамдық кеңестің отырысында жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұсыныстарды іске асыру талқыланды — деді Қарағанды облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полковник Қуаныш Зарубаев.

Жол-көлік оқиғасы, қаза тапқандар, жараланғандар саны бойынша Ақтоғай ауданы көш басында. Саран, Шахтинск, Балқаш, Приозерск, Қарқаралы және Ұлытау аудандарында да қайғылы оқиға саны артқан. Жол апатынан қаза болғандар саны Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев, Абай және Бұқар Жырау аудандарында көп.

— Ең ауыр жағдайлар қарсы қозғалыс жолағына шығумен соқтығысу болып тұр, — деп атап өтті Қуаныш Зарубаев. — Осы жылдың қаңтар айында бір оқиға салдарынан жылдамдықтың асып кетуі және қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу салдарынан 5 адам қаза тауып, 2 адам ауыр жарақат алды. Жол-көлік оқиғасы Қызылорда — Павлодар автожолында Дубовка ауылына жетпей, бұрылыста орын алған. Егер жолды бөлу кедергісі барлық қауіпсіздік нормалары мен стандарттарын сақтай отырып орнатылса, қайғылы жағдай саны артпас еді.

— Алайда, жылдан жылға қаражат тек баннерлерге ғана бөлінеді. Оның өзі барлық аймақтарда емес. Оған қоса, қараңғы уақытта ауыл шаруашылығы жануарларының көрінуін қамтамасыз ету үшін жарық шағылыстырғыш таспаларды тарату бойынша жұмыс атқарылмайды, — деп сөзін жалғады Қуаныш Зарубаев.

Жол-көлік оқиғаларының 66%-дан астамы облыстың қалалары мен елді мекендеріндегі көше-жол желісінде болған. Жартысынан астамы жаяу жүргіншілермен байланысты. Мысалы, маусым айында Жезқазғанда Сәтбаев көшесінде «Форд-Транзит» автокөлігінің жүргізушісі жолды белгіленбеген жерде кесіп өткен жаяу жүргіншіні қағып кетті. Нәтижесінде, жаяу жүргінші қайтыс болды. Аталған жол-көлік оқиғасы көше бойында жаяу жүргіншілер қоршауының болмауынан орын алды. 2020 жылы облыстың елді мекендерінде барлығы 5700 метр жаяу жүргінші қоршаулары орнатылды. Оның ішінде Қарағандыда — 3200 метр, Теміртау мен Жезқазғанда — тиісінше 79 және 66 жаяу жүргінші қоршауы орнатылды. Осы жылы аталған іс-шаралар облыстың ешбір өңірінде жүргізілген жоқ.

Сонымен қатар, облыс орталығында қараңғы уақытта 26 рет жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғасы орын алды. Жолкөлік оқиғасының осы түрінің жоғары пайызы Қарағандыда да автожолдарды жарықтандыру мәселесі шешілмегенін, көше және сыртқы жарықтандыруды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілмегенін көрсетеді. Өйткені, әлі күнге дейін тендерлік рәсімдер жүргізілуде. Десе де, биылғы жылдың 9 айында облыс бойынша жол-көлік оқиғаларының саны 2,8%-ға, қаза болғандар — 5,8%-ға, жарақат алғандар – 7,8%-ға төмендегені байқалады.

Әкімшілік полиция қызметкерлері көше-жол желілері мен автожолдарға тексеру жүргізу кезінде жол жүрісін ұйымдастыруды реттеудің техникалық құралдарына (жол белгілеріне, таңбаларына, бағдаршамдарға, сондай-ақ жол қоршаулары мен бағыттаушы құрылғыларға) ерекше назар аударады. Осыған қарамастан, қозғалыс қауіпсіздігін жақсарту мәселелері шешілмей келеді.

2019 жылы жануарды соғуға байланысты орын алған жолкөлік оқиғасында 2 адам қайтыс болды. Жаңаарқа ауданының әкімдігінде Қарағанды облыстық полиция департаментінің басшылығының және барлық мүдделі қызметкерлердің қатысуымен жол қозғалысы қауіпсіздігі және оны ұйымдастыру мәселелері бойынша кеңес өткізілді. Жиында трассалардың бойына тор қоршауын орнату, жүру бөлігіне шығуға жол бермеу мақсатында малды автожолдардың жанында бақылаусыз қалдырмау мәселесін пысықтау бойынша ұсыныстар қарастырылды. Екі жыл өтсе де, жануарларды қағып кету көрсеткіші төмендер емес.

Жиынға қатысушылар жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы айтқан әрбір мәселені мұқият тыңдады.

— Бюджетте қаражат қарастыру үшін айдың соңына дейін аталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті іс-шаралар жоспарын жасау қажет, — деп атап өтті Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Nur Otan» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Қадиша Оспанова. — Жолдарда әлі де адам өлімі азаяр емес. Өмірден бағалырақ не бар?

Кеңес төрағасы Ерқара Аймағамбетов жиынды былай қорытындылады:

— Проблемалық мәселелер орынды айтылды. Олар тиісті деңгейде шешілуі үшін біз отырыс қорытындысы бойынша, Қарағанды облысының әкімдігіне ұсыныс-хат жолдаймыз.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

QH.