Жол ережесін есте сақтау — өз қолыңда

Қарағанды қаласының аумағында қайғылы жағдайға әкеліп соқтырған жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Жол – көлік оқиғасының негізгі себебі-қозғалыс кезінде екінші тарапқа жол бермеу, екіншісі-жылдамдық режимін бұзу. Үшіншісі-реттеу белгілеріне бағынбау. Соңғы себеп жолда аударылып қалу болып табылады.


2022 жылдың алты айында қала аумағында 50 жол-көлік оқиғасы тіркелді, онда 14 адам қаза тауып, 45 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Жол апатынан 8 кәмелетке толмаған адам зардап шекті. Қоғамдық көліктің қатысуымен 13 оқиға орын алды,нәтижесінде 3 адам оқиға орнында көз жұмды. Қоғамдық көліктердің яғни автобус жүргізушілерінің кінәсінен 9 факті анықталды. Жыл басынан бері жаяу жүргіншілерді басып кетудің 35 фактісі орын алған.
— Атап айтсақ, ағымдағы жылғы 29 маусымында сағат 23.29 мин шамасында алдын ала дерек бойынша Көгілдір тоған ықшам ауданынан бағыт алып келе жатқан 23 жастағы»Мерседес» автокөлігінің жүргізушісі Винницкая көшесіне бұрылыста жолдың реттелмеген жерін кесіп өткен жаяу жүргіншіні қағып кетті. ЖКО салдарынан 41 жастағы жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды, — деп хабарлады Қарағанды қаласы полиция басқармасының бастығы Думан Қожахметов.
Сондай-ақ, есепті кезеңде зардап шеккендерсіз 1967 ЖКО орын алды.
— Апаттылықтың алдын алу және ЖҚЕ бұзушылыққа жол бермеу мақсатында жеке құраммен 39 мыңнан астам ЖҚЕ бұзушылық анықталды. Оның ішінде маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін – 6 мыңнан астам, қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін — 157 және автокөліктің техникалық жағдайы үшін-2168 автокөлік иесі жауапкершілікке тартылды, — деп толықтырды Думан Қожахметов.
Қарағанды қаласының полиция басқармасы жол қозғалысына қатысушылардан сақ болуды және жол жүру ережелерін қатаң сақтауды сұрайды. Есіңізде болсын, сізді әрқашан үйде күтеді.

НАҒИМА ӘШІМҚЫЗЫ
ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ПБ