Жол ережесі күшейді

Жол қателікті кешірмейді. Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтары қос доңғалақты шағын мопедті игеру үшін жүргізуші куәлігін бере бастады. 23 сәуірден бастап Қазақстанда жол ережелері күшейтілді. Ендігіде мопед айдаушылар жолда қандай құқықтарға ие болады?

19 жастағы Ұлжан Нагачбаева мопед сатып алмақ болған. Жас қыздың айтуынша, бұл көлік қалада жүріп-тұруға ыңғайлы көрінеді. Алайда заңды қатаңдатқан соң, мопед алудан бас тартқан.

– Қазір айыппұл саны көбейді, мопедке талап күшейтілді. Көлікке құжат талап етсе, оның маған қажеті жоқ. Велосипед алып жүре беремін, – дейді Ұлжан Нагачбаева.

23 сәуірден бастап мопед иелері А1 санатындағы жүргізуші куәлігінсіз жолға шығуға құқылы емес. Ол үшін автомектеп бітіргені туралы сертификат алуы, сондай-ақ арнайы ХҚКО-да теориялық және практикалық емтихан тапсыруы қажет. Қарағандыда тілек білдірушілер жоқ. Сәуірде 3 үміткер, мамырда 1-еу ақ тапсырған. Алматыда, керісінше, сұраныс үш есе артқан.

– Жастар сияқты көптеген адам кездейсоқ өтіп кетеміз деп есептейді. Олар келеді, теорияны үйреніп, тапсырып көреді, бірақ практикалық тәжірибе болмағандықтан өтпейді. Жолда жүру ережесін білмейді, – деп тоқталды Мамандандырылған ХҚКО бөлімінің басшысы Асхат Қуан.

– Бағыт қиын емес, бірақ бірінші рет тапсырғанның азы ғана өтеді, – дейді арнайы ХҚКО қызметкерлері. – Орташа алғанда, әрбір бесінші адам өтеді. Негізінен жастар келеді. В және С1 санатының емтиханы қашықтан өтеді, өйткені машиналар GPS навигаторларымен жабдықталған. Ал мопедтерде мұндай жабдық жоқ. Емтиханды комиссия қабылдайды.

– Олар алатын куәліктері үшін жауапкершілікті сезінеді, жол ережелерін бұзбайды. Кем дегенде осы жол ережелерін білетін болады. Жолаушылар көлігінің жүргізушісі ретінде шынымды айтсам, мопедтер қаланы айналып өтетіндіктен, мұндай шешім қабылдауға қуаныштымын, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Қарағанды филиалының PR-менеджері Қуаныш Сейтханов.

Бұрын мопедшілер жол қозғалысындағы жанама нысан саналып, бәлендей жауапкершілік міндеттелмеді. Ережені бұзғаны үшін 7 мың теңге айыппұл салынған болатын. Енді олар – жол қозғалысындағы негізгі (толыққанды) нысан және барлық жүргізушімен тең дәрежеде жауап береді. Қазір Қарағандыда құжатсыз мопедшілерді анықтау рейді жүріп жатыр. Қызметкерлердің айтуынша, айып тұрақтары тәркіленген мопедтерге толы.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»