Жол азабы: шенеуніктердің жауабы

Қазақстан жолдарының сапасы – жылдар бойы қоғам назарында тұрған мәселе. Көлік министрлігінің мәліметінше, ел жолдарында жүк көліктерінің шамамен 35 пайызы – самосвалдар. Жүктемесіз жүргендегі өз салмағы 12 тоннаны құрайтын бұл көліктер тас жолдарды қысқа уақыт ішінде бүлдіреді. Статистика көрсеткендей, жыл сайын 25 мыңға жуық жол бүліну жағдайы тіркелсе, оның 60%-дан астамы самосвалдардың қозғалысына байланысты.

– Жол өте тез бүлініп жатыр. Триллиондаған қаржыға салынған тасжолды небәрі екі-үш карьердің ауыр жүк көліктері бірнеше айдың ішінде жарамсыз етеді. Жолда тек оған лайық, яғни жеңіл көліктер жүруі керек. Депутаттар қабылдаған тыйымды біз қолдаймыз және міндетті түрде жүзеге асырамыз. Елге мұндай жүк көліктері көп әкелінген, нақты саны белгісіз, бірақ шамамен 60 мыңдай, – деп атап өтті ҚР Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев.

Министрлік 2026 жылдан бастап салмағы рұқсат етілген межеден асатын самосвалдардың қозғалысына толық тыйым салынатынын хабарлады. Сонымен қатар кәсіпорындарға мұндай көлікпен жеткізілген жүкті қабылдауға да рұқсат берілмейді. Ережені бұзғандарға қатаң айыппұл салынып, келісімшарттарды бұзу сияқты шаралар да қарастырылған.

Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарында жаңа қадам – қаржыны бақылаудың ашық жүйеге көшуі. Енді жобалар тек «Цифрлық теңге» арқылы қаржыландырылады.

– Цифрлық теңге – бұл қолыңызға берілетін ақша емес. Барлық ақша айналымы Ұлттық банктің бақылауында болады. Мемлекеттік кірістер комитетімен бірге толық қадағаланады. Бұл жүйеге тек қатысушылар ғана қол жеткізе алады. Біз пилоттық жобаны іске қостық, жол картасында нақты мерзімдер көрсетілген, құрылыс жұмыстары тек цифрлық теңге арқылы жүргізіледі, – дейді Нұрлан Сауранбаев.

Министрдің айтуынша, мұндай тәсіл жол құрылысы мен жөндеуден қарпып қалуға әдеттенгендерге тосқауыл болады. Ұқсас жүйе теміржол саласында да қолданылады, нәтижесінде бағалар төмендеді. Павлодар мен Атыраудағы пилоттық жобалар да тиімділігін дәлелдеді.

Қазақстан жүк тасымалы мен жолдардың жағдайын реттеу, логистикалық тізбектегі барлық қатысушының жауапкершілігін арттыру тұрғысынан жаңа кезеңге аяқ басты.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»