Жол апаты неге жиіледі?

Түрлі апат пен оқыс оқиға жөніндегі жаманат хабарлар арасында автожолдардағы жол-көлік оқиғалары салдарынан адамдардың ажал құшып, түрлі деңгейдегі жарақат алып жатқаны жөніндегі жайсыз ақпарат тым жиілеп кетті. Жолдар жақсарған сайын жол-көлік оқиғалары азаятын шығар деп ойлайтынбыз. Бірақ қазіргі жағдай бұған керісінше сипат алып тұрғандай. 

Қоғамдық көлік пен микроавтобус соқтығысып, тоғыз адам зардап шекті. Бұл туралы Қарағанды облысының полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлады. N118 жолаушылар автобусы мен «Kia Carnival» шағын автобусы соқтығысқан. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қаланың медициналық мекемелеріне жедел жәрдем көлігімен барлығы 9 адам жеткізілгенін мәлімдеді.

– Аталмыш жол көлік оқиғасынан 9 адам зардап шекті. Олардың барлығы медициналық мекемелерге жеткізіліп, тексеруден өтті. Оның ішінде жағдайы қанағаттанарлық 5 адам амбулаторлық ем алуға шығарылды. 1 науқас Теміржол ауруханасының травматология бөліміне жатқызылды, жағдайы орташа ауыр. Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың ЛОР бөліміне 1 науқас жеткізілді, жағдайы орташа ауыр. Бір бала облыстық балалар клиникалық ауруханасына жатқызылды. Жағдайы орташа ауыр. Тағы 1 науқас №1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді. Оның жағдайы ауыр деп бағаланып, жансақтау бөліміне жатқызылды, – деді денсаулық сақтау басқармасының мамандары.

Полиция оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

– Факті полицияда тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады, – деп түсіндірді Қарағанды облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.

«Жол апаттары көбіне салғырттықтан болады», – деп отыр мамандар. Жүргізушілер жылдамдықты асырып, қарсы жолға шығып кетеді. ҚР  Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 1667 көлік апаты тіркеліп, 600-ден астам адам бақилық болған. Биыл Қарағанды облысында көлік апатынан көз жұмғандар саны 44%-ке көбейді. Жыл басынан бері 68 адам қайтыс болып, 266 адам жарақат алған. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі күрежолдарда орын алып отыр.

Жанбота БЕЙСЕМБАЙ, «QH»