Жоба жалғасуда
Қарағанды облыстық Абай атындағы балалар кітапханасы балалар мен жасөспірімдер арасында әлем халықтарының мәдениетін насихаттауға бағытталған «Мәдениеттер тоғысы» жобасы аясында шаралар өткізуді жалғастыруда.
Бұл аптада Қарағанды тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кітапсүйер қауым Германия мәдениетімен таныса алады. Апта бойы Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында түрлі танымдық шара ұйымдастырылуда. Ашылу салтанатына Қарағанды облыстық Неміс орталығы «Wiedergeburt» қоғамының төрағасы қатысып, көрермендерге би флешмобы, интерактивті викторина, кітап көрмесі және Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының қорынан картиналар көрмесі ұсынылды.
– Немістер Қазақстанға өте ерте қоныс аударды. Олардың депортация тарихы мен көптеген оқиға, мерекелер және естелік даталар бар екенін білеміз. Бірақ бұл мәдениет апталығы Германияның мерекелік қырын көрсетіп, тарихи кезеңдерді қозғай бермейді, –деді Абай атындағы балалар кітапханасының қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Марина Подгайнова.
Шаралар бағдарламасына «Рождестволық печенье» мен «Рождестволық етікше» жасау бойынша шеберлік сыныптары, «Барбара және Германия: қысқы мерекенің сиқыры» атты ақпараттық-мәдени сағат, «Германияны білесіз бе?» атты квиз-ойын және ағайынды Гримм ертегісі бойынша түсірілген «Рапунцель: Шатасқан хикая» мультфильмі кірді.
– Неміс орталығымен ынтымақтастықтың арқасында балалар шараның ашылуын ұйымдастыруға көмектесті. Олар полька биін билеп, неміс авторларының кітаптарымен толықтырылған көрмені таныстырды. Сонымен қатар, балалар Германия туралы интерактивті ойын ойнап, ел жайлы көптеген қызықты ақпарат алды, – деп атап өтті кітапхана қызметкері.
Шараға қатысқан жас оқырмандар мұндай шаралардың өткізілуін жоғары бағалады. Олар мәдени апталықтар арқылы өздерінің басқа халықтардың дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен және тарихымен танысу мүмкіндігін алғанын атап өтті.
– Маған бұл шара өте ұнады. Мұндай шараларды біздің қалада міндетті түрде өткізу керек деп санаймын, өйткені Қазақстан – көпұлтты ел. Әрбір тұрғын басқа елдердің мәдениетін білуі және үйлесімділікте өмір сүруі керек. Бұл шаралар коммуникациялық дағдыларды дамытады, – дейді шараға қатысушы Кира Старовойтова.
Жыл басынан бері кітапханада Италия мен Жапонияға арналған мәдени апталықтар өтті. 2025 жылдың басынан бастап қалаушылар басқа елдердің мәдениетімен танысып, олардың мұрасын сезіне алады.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»