«Живой войлок»: Қарағандыда киізді жаңа қырынан танытқан ерекше көрме ашылды
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде қолөнер шебері Елена Нивиденскаяның «ЖИВОЙ ВОЙЛОК» атты жеке көрмесі ашылды. Бұл – киізді тек дәстүрлі тұрмыстық бұйым ретінде емес, толыққанды өнер тіліне айналдыратын жаңа бағытты паш еткен маңызды мәдени шара. Көрме қазақстандық заманауи өнерге тың серпін беріп, табиғи материалдың шығармашылық әлеуетін кеңінен көрсетіп отыр.
Елена Нивиденская – киіз басу өнерінің жаңаша техникасын меңгерген шебер. Ол жүннен жасалған материалға жаңаша өң беріп, оны бейнелеу өнерімен, дизайнмен ұштастырып, ерекше стиль қалыптастырған. Автор соңғы жеті жылда жасаған ең үздік жұмыстарын жинақтап, көрме арқылы киіздің шексіз мүмкіндіктерін көрерменге ұсынды.
Шебердің айтуынша, киізге деген қызығушылығы декреттік демалыста басталып, кейін кәсіби ізденіске ұласқан.
«Мен көрермендерге киіздің көп қырлы материал екенін көрсеткім келді. Одан тек тақия немесе қолғап емес, түрлі жанрдағы өнер туындысын жасауға болатынын дәлелдегім келді», – дейді Елена Нивиденская.
Экспозициядан автордың шығармашылық эволюциясы анық байқалады: табиғи жүннің текстурасы арқылы табиғатпен үндескен образдар, жұмсақ түстер, жанды қозғалысты елестететін композициялар – киізге мүлде жаңа көзқарас қалыптастырады. Көрмедегі көптеген туындылар дәл осы шара үшін арнайы дайындалған.
Қазақстан Дизайнерлер Одағының өкілдері де көрменің кәсіби деңгейіне жоғары баға берді. Олар Еленаның киізді заманауи дизайн элементіне айналдырып, ұлттық қолөнерге жаңа жол ашқанын ерекше атап өтті.
Шебер бүгінде Шахтинск қаласындағы Әубәкір Исмаилов атындағы балалар өнер мектебінде қызмет етеді. Ол жас таланттарға сурет салу, композиция және киіз басу өнерінің қыр-сырын үйретіп, ұрпаққа ұлттық өнерді жеткізуде маңызды еңбек атқарып келеді. Көрмеде оның шәкірттерінің жұмыстары да қойылған – бұл киізбен жұмыс істеудің келешегі бар екенін көрсететін айқын мысал.
Шара барысында Елена Нивиденская арнайы марапаттарға ие болып, Қазақстан Дизайнерлер Одағының жаңа мүшесі ретінде ресми түрде қабылданды.
Қарағанды тұрғындары мен қонақтарына бұл көрме – қолөнердің жаңа деңгейін, табиғи материалдың өнерге айналған ерекше болмысын көруге бірегей мүмкіндік. «ЖИВОЙ ВОЙЛОК» көрмесі 15 желтоқсанға дейін ашық.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

