Жіті ішек жұқпасының алдын алу!
Жазғы маусым басталғанда жіті ішек инфекциясы көбейе бастайды. Әсіресе күн жылуы микробтардың өсуіне ықпал етеді. Тамақта, суда немесе тез бұзылатын тамақтарды дұрыс сақтамағанда ішек инфекциясының қоздырғыштарының көбеюіне және таралуына қолайлы орта болады.
Жедел ішек инфекциялары – бұл бактериялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жұқпалы ауру. Бұл әлемде ең көп таралған инфекциялардың қатарына жатады.
Инфекция гигиеналық тазалықты дұрыс сақтамаудан, азық-түліктерден, мәселен, жуылмаған көкөністерден, пісірілмеген сүттен, сапасыз тағамдарды пайдаланғаннан, шала пісірілген тағамдарды қолданғаннан, сондай-ақ, ауыз суды қайнатпай ішкеннен, лас суға түскеннен жұғады. Жаз айларында инфекцияны көп жағдайда шыбындар таратады.
Аурудың алғашқы белгілері: Іштің жиі-жиі өтуі, дене қызуының көтерілуі, асқа тәбеті болмау, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, дәретіне қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы. Науқаста құсу қайталанып, іш өткен сайын жағдайы ауырлай түседі. Өйткені, ағза өзіндегі тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастағаннан бірден дәрігерге көріну керек.
Алдын алу шаралары: Ішек инфекцияларының пайда болуының алдын алу үшін тағамдық азық-түліктердің жарамдылық сапасы өте маңызды – көптеген тағамда бактериялар тек қана өміршеңдігін сақтап қана қоймай, олар ауру тудырушы қасиетімен адамның қолымен тағамды ауызына апарғанда асқазан-ішек жолына кір қолы арқылы, ластанған су арқылы, сапасыз азық-түліктер арқылы түсіп қарқынды түрде көбейеді.
Әсіресе, тұтынар алдында термиялық өңдеуден өтілмейтін тағамдар өте қауіпті. Ондай тағамдарға салаттар, винегреттер, сондай-ақ жемістер мен жидектер жатады. Салаттар мен винегреттерді, әртүрлі тұздықтар мен гарнирлерді тоңазытқышсыз сақтауға, үйде қалдыруға болмайды. Жаз және күз маусымында сүт және сүт өнімдерінде бактериялардың көбеюіне қолайлы жағдайлардың туындайтынын білу керек. Жеке адамдардан сатып алған сүтті міндетті түрде қайнату керек. Дайын тағам қалдықтарын міндетті түрде тоңазытқышта беті жабық ыдыста, шикі жән дайын тағамды бөлек ыдыста сақтау керек, оларды бөлек тақтайларда арнайы пышақтармен бөлу керек.
Бұл ретте тұрғындарға жуылмаған және бұзылған көкөністерді, жемістер мен жидектерді тағамға қолданбауды ұсынамыз.
Бейтаныс жерлерден су ішу және ластанған, шомылуға арнайы рұқсат берілмеген жерлерде шомылу денсаулығыңыз үшін өте қауіпті. Ауру жұқтырмас үшін, маңызды гигиеналық дағдыны әдетке айналдыру керек: суды тұтынар алдында күдігіңіз болса, оны міндетті түрде қайнатыңыз немесе бөтелкедегі суды ішіңіз.
Ауырып ем іздегенше-ауырмаудың жолын іздейік!
Н.М.АЙМАҒАНБЕТОВ,
Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы
ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы
Б.А.РАМАЗАНОВА,
бас маман