Жезтырнақ аңызы сахнада

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры көрерменге жаңа, ерекше қойылым ұсынады. «Жезтырнақ. Махаббат туралы аңыз» атты музыкалық комедия пластикалық қуыршақ спектаклі арқылы қазақ мифологиясының көне бейнесін заманауи театр тілінде жеткізбек. Қойылым бір айдан астам дайындықтан өтті, нәтижесінде ұлттық бояуы қанық, махаббат пен трагедияның үйлесімін көрсететін әсерлі туынды дүниеге келді.

Бұл премьера театр ұжымының жанрлар палитрасын кеңейтудің алғашқы тәжірибесі болып отыр. Қуыршақтар арқылы пластикалық қойылым жасау – мифтік аңызды аллегорияға айналдырудың бір әдісі. Режиссер Антон Зайцев спектакльде махаббат қарғысқа төтеп бере ала ма деген сұрақты қозғалады деп атап өтті.

«Жағымды кейіпкерге қарсы, оның қас дұшпаны ретінде бейнеленетін жауыз кейіпкердің махаббат майданында қалай аман қалатыны сахналаған», – дейді режиссер.

Қойылымның басты кейіпкері – Жезтырнақ. Қазақ фольклорындағы бұл мифтік бейне әдетте пышақтай өткір тырнақтары бар сұлу жас әйел ретінде көрініс табады, бірақ ол – ғаламат күш иесі. Ащы даусы жер жаңғырығын туғызады, құстар мен ұсақ хайуанаттарды өлтіре алады. Бұл рөлді театрдағы 15 жылдық тәжірибесі бар Дарья Судос сомдайды.

«Бұл рөл өзіме өте ұнайды. Қуыршақ театрында бұрын-соңды болмаған, ерекше тәжірибе. Жұмыс өте қызық болды, өйткені адамдар әлемі мен сиқыршылар әлемінің арасындағы мүмкін емес махаббатты пластика арқылы жеткізу керек. Бұл жерде тек Жезтырнақ пен адам арасындағы оқиға емес, кейіпкердің жай-күйі, табиғат, костюмдер мен сыртқы бейне де маңызды рөл атқарады», – дейді Дарья.

Қойылымды жүзеге асыру үшін Алматыдан арнайы режиссер шақырылды. Антон Зайцев – театрлық компанияның негізін қалаушы, екі жыл бұрын «Еңлікгүл» сыйлығының лауреаты, республикалық жастар театр фестивалінде «Үздік режиссер» номинациясының жеңімпазы. Ол спектакльдің декорациясы, бетперделері мен қуыршақтарын театр ішінде дайындалғанын, барлық еңбек бірлескен нәтижемен жасалғанын атап өтті. «Қуыршақтар саны көп, қала мен ауыл тұрғындарын бейнелейтін 15-ке жуық түрлі бетперде жасалды», – дейді режиссер.

Мистикалық, романтикалық және трагедиялық әлемде ежелгі аңыздар қайта тіріледі. Қойылым көрерменді ерекше костюмдері, пластикалық орындауы және дыбыстық эффектілері арқылы баурайды. Премьера осы демалыс күні музыкалық комедиялық театр сахнасында өтеді.

Бұл спектакль – қазақ мифологиясын заманауи театр тілімен көрсетуге арналған алғашқы қадам ғана емес, махаббат пен трагедияның үйлесімін пластикалық көрініспен жеткізудің айқын үлгісі.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»