«Жерлестеріміздің жаһандық жеңістері»

Қарағанды облысында әлем чемпионаттары мен Ислам ынтымақтастығы ойындарында жүлде алған спортшыларға қолдау көрсетіліп, салтанатты түрде марапатталды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев аймақта бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға жүйелі түрде көңіл бөлінетінін атап өтті.

– Еңбектеріңіз бен нәтижелеріңіз үшін алғыс айтамын! Жеке алғысымды бапкерлерге, медицина мамандарына және барлық команда мүшелеріне білдіремін. Бірлесе отырып, Қарағанды облысын мықты спортшылар өңіріне айналдыра аламыз. Алдағы жаңа жеңістерге жол ашайық! – деді ол.

Қарағанды облысының командасы Токио қаласында өткен киокушинкай-кан каратеден әлем чемпионатында тамаша нәтиже көрсетті. Жерлестеріміз алты медальді жеңіп алып, облыстың спорттағы беделін арттырды.

Абсолют салмақ дәрежесінде Никита Гарас әлемнің үш дүркін чемпионы атанды. Ол каратемен ширек ғасырдан астам айналысып келеді. Спортшының қоржынында Азияның төрт, Жапонияның үш дүркін чемпионы атағы және ұлттық деңгейдегі көптеген жеңістер бар.

– Әлем чемпионатында қиындық болған жоқ, себебі жақсы дайындалдық. Сәуір айында Жапонияда өткен чемпионатта қарсыластардың тәсілдерін зерттеп, дұрыс тактика құрдық. Әлем біріншілігінде барлық жекпе-жекті бірінші раундта жеңдім. Әсіресе финалдағы өнеріме ризамын, – деді Никита Гарас.

Португалияда өткен каратеден әлем чемпионатында да қарағандылық спортшылар жүлдеге ие болды. Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен төрт жерлесіміз бір алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Жекпе-жектер қысқа форматта өтіп, жарыстың қиындылығын арттырғанымен, спортшылар табандылық танытып, жеңіске жетті.

WKF бойынша Қарағанды облыстық каратэ федерациясының президенті Виктор Ешкин 56-65 жас аралығындағы ардагерлер арасындағы жарыстан өзіне бесінші әлем чемпионы атағын алып қайтты.

– Жарысқа 18 елден спортшылар қатысты. Менің санатымда да сонша қатысушы болды, бірақ мен тіркелгенімді білгеннен кейін кейбірі жарыстан бас тартты. Италия мен Францияның мықты спортшыларымен үш жекпе-жек өткіздім, – деп бөлісті ол.

Қарағанды облысының джиу-джитсу спортшылары Таиландта өткен әлем чемпионатында да жоғары нәтиже көрсетті. Жерлестеріміз үш алтын, бір күміс және төрт қола медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық есепте 65 елдің ішінде бірінші орынға шығуына үлес қосты.

Бішкекте өткен самбодан әлем чемпионатында да қарағандылық балуандар жоғары шеберлік танытты: бір алтын және үш қола медаль жеңіп, облыстың мықты спорт мектебінің деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Қарағанды облысының спортшыларының бұл жетістіктері өңірдегі спорттың дамуына үлкен серпін береді. Жастар мен ардагер спортшылардың бірлескен еңбегі, бапкерлер мен мамандардың қолдауы облысты шынайы спорттық орталыққа айналдырып отыр. Алдағы жарыстарда да қарағандылық спортшылар жаңа биіктерге жететініне сенім мол.

Ералы ҒАНИ,

«QH»