Жерлестерімідің жетістігі
Бокстан халықаралық әлем чемптонаты өз мәресіне жетіп, жерлестеріміз ел қоржынына 2 жүлде салды. Жаһандық додада Қазақстан құрамасының боксшылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жанкүйер сенімін толық ақтады. Әсіресе, жерлестеріміздің табандылығы мен шеберлігі боксты сүйетін қауымды бейжай қалдырмады.
Бұл чемпионат Абылайхан Жүсіпов үшін тарихи сәтке айналды. Бұған дейін әлем біріншілігінде үш мәрте қола жүлдеге қол жеткізген ұлттық құраманың мүшесі төртінші әлем чемпионатында ақыры алтыннан алқа тақты. Ақтық сында ол тәжірибесі мен мінезін қатар көрсетіп, жеңіске жетті. Жылдар бойғы маңдай тер мен тынымсыз еңбектің өтеуі осы жолы толық қайтты. Бокс сүйер қауым да чемпионның қуанышына ортақтасып, лайықты құрмет көрсетіп жатыр.
Абылайхан шешуші жекпе-жекте Ресей боксшысы Сергей Колденковпен қолғап түйістірді. Тартысқа толы кездесуде төрешілер бірауыздан жерлесіміздің жеңісін тіркеді. Жеңістен кейін чемпион жүрекжарды лебізін білдірді.
– Көк Туды Токиодағы Олимпиада ойындары аяқталған соң өзіммен бірге алып кеткен едім. Сол кезде «Келесі әлем чемпионаты мен Олимпиада финалына шыққанда байрақты иығыма жамыламын» деп өзіме уәде бергенмін. Араға қаншама жыл салып, әлем чемпионатының финалына шықтым. Арманым орындалды. Осы ерекше сәтте сол Туды көкке көтеріп шықтым. Маған осы әлем чемпионатына сенім артып, тағы бір мүмкіндік берген бапкерлеріме шынайы алғысымды білдіремін, – деді Абылайхан Жүсіпов.
Сонымен қатар, өзіндік стилімен ерекшеленетін тағы бір жерлесіміз Сабыржан Аққалықов та бұл чемпионатта жоғары нәтиже көрсетті. Ол финалға дейін бірде-бір қарсыласына мүмкіндік бермей, сенімді өнер көрсетті. Дегенмен, шешуші жекпе-жекте Ресей боксшысы Исмаил Мутсолговқа жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Сабыржанның бокстағы қолтаңбасы бөлек. Әр соққысы есеппен, әр қимылы нақты. Дәл соққылары, соққыдан жалтаруы мен аяқпен жұмыс істеуі көрермен назарын бірден өзіне аударды. Тіпті, жарыс барысында бір жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтап үлгерді. Финалдағы жеңіліске қарамастан, оның өнері көптің жадында қалды. Алдағы уақытта бұл биікті бағындыратынына сенім мол.
Жалпы, әлем чемпионатының ақтық сынына Қазақстан құрамасынан төрт боксшы жолдама алды. Нәтижесінде ел қоржынына үш алтын және бір күміс, екі қола медаль түсті. Атап айтқанда, 54 келі салмақта Сәкен Бибосынов, 57 келіде Оразбек Асылқұлов, 71 келіде Абылайхан Жүсіпов алтыннан алқа тақса, 75 келі салмақта Сабыржан Аққалықов күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар, 48 келідегі Теміртас Жүсіпов пен 63,5 келідегі Ертуған Зайнуллинов қола медаль иеленді.
Командалық есепте Қазақстан құрамасы екінші орынға тұрақтады. Көш басында 7 алтын, 5 күміс және 1 қола жүлдемен Ресей құрамасы тұр. Ал үздік үштікті 2 алтын, 4 күміс және 3 қола медальмен Өзбекстан боксшылары түйіндеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

