Жерлестер жеңіс тұғырынан көрінді

Павлодар қаласында 2007 жылға дейінгі жасөспірімдер арасында үстел теннисінен Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Елдің әр өңірінен келген 260 жас спортшы бірнеше күн бойы өзара мықтыны анықтап, жоғары шеберлік үлгісін көрсетті. Аталған додада Қарағанды облысының намысын 15 спортшы қорғады. Нәтижесінде жерлестеріміз үш алтын, үш күміс және үш қола жүлдеге қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте жоғары нәтиже көрсетті.

Жекелей бәсекеде спорт шебері Альбина Жақсылықова мен Мария Лукьянова қола жүлдегер атанды. Ал Дарья Фу финалда жеңіске бір қадам жетпей, күміс медальді еншіледі.

Командалық сайыста қарағандылық қыздар қарсыластарына еш мүмкіндік бермей, чемпион атанды. Облыс құрамасының сапында Альбина Жақсылықова, Дарья Фу, Мария Лукьянова, Дарья Гамова және Еркежан Тілегенова өнер көрсетті. Спортшылардың үйлесімді ойыны мен тактикалық сауаттылығы алтын жүлдеге жол ашты.

Жастар арасындағы жұптық жарыстарда да қарағандылықтар табысты өнер көрсетті. Ерлер арасындағы жұптық сында жерлесіміз Асылхан Мағзұмбеков Түркістан облысы спортшысы Санжар Ибаханмен бірге чемпион атанды. Қыздар арасындағы жұптық сайыста Дарья Фу түркістандық Назым Серікбаймен жұп құрып, күміс жүлдеге ие болды.

Аралас жұптық бәсекеде Мария Лукьянова Павлодар облысының өкілі Қадырәлі Қабдылуахитовпен бірге өнер көрсетіп, чемпион атанды. Бұл сында күміс жүлдені қарағандылық Альбина Жақсылықова Шығыс Қазақстан облысы спортшысы Әлiби Шомановпен жұптасып жеңіп алды. Ал қола жүлде Дарья Фу мен шымкенттік Қасым Нұрисламға бұйырды.

Қарағанды облысының үстел теннисі бойынша аға жаттықтырушысы Эльмира Әлиеваның айтуынша, бұл нәтиже жүйелі жұмыстың жемісі.

– Бұл көрсеткіш біз үшін тосын жаңалық емес. Соңғы жылдары қарағандылық қыздар ел ішіндегі жетекші спортшылар қатарынан көрініп келеді. Айта кету керек, бұл чемпионатқа негізгі көшбасшымыз Алан Құрманғалиев қатысқан жоқ. Ол дәл осы күндері Сингапурде өтіп жатқан беделді халықаралық турнирде өнер көрсетті. Соған қарамастан, құрамамыз өз деңгейін дәлелдей алды, – деді бапкер.

Айта кетейік, ел чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан жастар құрамасы жасақталады. Қуаныштысы, ұлттық құрама сапына қарағандылық спортшылар да енді. Енді олар маусым айының соңында Ташкент қаласында өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»