«ЖЕРГЕ КӨМІЛГЕН АҚША» НЕМЕСЕ ҚАЛАЛЫҚ БЮЖЕТ ҚАЙДА КЕТТІ?

Бұл мәселе Қарағанды қаласының Қоғамдық кеңес тұрақты комиссиясының отырысында қаралды. Өткен жылғы бюжет қайда кетті және неге толығымен игерілмеді? Осы және басқа да мәселе қарастырылған жиынды аталған Кеңес төрағасы Қабдығали Оспанов тізгіндеді.

Бюжетке қатысты сұраққа экономика және қаржы бөлімінің жетекшісі Айнұр Апакашева баяндама жасады.

– 2020 жылы қаланың дамуына 114 миллиард 617 миллион теңге бөлініп, оның 109 миллиард 141 миллионы орындалды. Игерілмеген қаржы құрылыс бөліміне тиесілі. Қаржының игерілмеуіне Қазыбек би және Октябрь ауданындағы тұрғын-үй құрылысына қатысты сот істері – себеп, – деді жетекші.

2020 жылғы бюжеттің орындалуы келесідей көрсеткіштерге ие: кіріс және кірісті орындау 51 миллиард 335 миллион теңгені құрады. Бұл дегеніңіз жоспардың 103%-ға орындалғанын білдіреді. Жергілікті салық 872 миллион теңгені құраса, салыққа жатпайтын төлемдер 907 миллион теңгеге жеткен.

Бюжеттік бағдарламаларды тиімді орындау 98,4%-ды құрады.

Баяндама жақсы-ақ, бірақ сауал көп. Сол сауалдың көбін Тұрақты комиссия төрағасының орынбасары Найля Қайырбекова қойды. Әсіресе, Зообаққа бөлінген 165 миллион теңгенің игерілмеуі, Соқыр өзенінің тазартылуы және тағы да басқа мәселелер көтерілді. «Сан бар бірақ нақты жұмыс көрінбейді», – деп сын айтты Найля Қамалқызы.

– Тағы бір мәселе: тұрғын-үй кезегі. Бұл жерде бағдарлама бойынша кезекте тұрғандардың жылжу процесін көрсету өте маңызды. Ал біз мұны көріп отырған жоқпыз. Қағазда бөлек, ал іс жүзінде мүлдем басқа, – дейді Тұрақты комиссия орынбасары.

Ал 2-3 айға ғана шыдайтын қала жолдарына бөлінген қаржы жерге көмілген ақшамен бірдей деп түйді.

– Қорыта келгенде, есепте көрсетілген цифр мен жасалған шаруалар үйлеспейді, – деп қорытты Найля Қамалқызы.

Кеңес төрағасы Қабдығали Оспанов пен Қарағанды қоғамдық кеңесінің мүшесі Виктор Охман айтылған сынмен келісіп, маңыздысы сандар емес, сараптама деп түйіндеді.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ,

«QH»