Жер астындағы тарихқа абай болайық!

Қазақстанда археологиялық құндылықтарды рұқсатсыз іздеу мен металл іздегіш құрылғыларды заңсыз пайдалану үшін жауапкершілік күшейтілмек. Мәжілісте қаралып жатқан жаңа заң жобасына сәйкес, енді мұндай әрекеттерге арнайы лицензия талап етіледі. Егер азаматтар рұқсатсыз археологиялық немесе материалдық құндылығы бар заттарды іздеумен айналысса, олар айыппұл ғана емес, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы елдің тарихи мұрасын сақтау мен археологиялық тәртіпті күшейтуге бағытталған.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, соңғы жылдары жаз мезгілінде шетелден келген немесе жергілікті тұрғындар металл іздегіш құрылғыларын пайдаланып, тарихи құндылығы бар артефактілерді заңсыз қазып алу оқиғалары жиілеген. «Өкінішке қарай, жаз мезгілінде шетелден келген адамдардың металл іздегіштерді пайдаланып, құнды артефактыларды қазып алатын жағдайлар кездеседі. Бұл – шынайы проблема. Сондықтан бұл мәселені заң жобасына арнайы енгіздік», – дейді депутат.

Жаңа нормаларға сәйкес, енді елімізде археологиялық ізденістермен айналысқысы келетін азаматтар әр қызмет түріне жеке лицензия алуы тиіс. Лицензияның мерзімі – бес жыл. Сондай-ақ заң жобасында археологиялық жұмыстар жүргізілген жерлерді бастапқы қалпына келтіру міндеттеледі. Бұл табиғи ландшафттың және мәдени қабаттардың бұзылмауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар табылған жәдігерлер мен материалдарды есепке алу, сақтау және ғылыми айналымға енгізу мақсатында арнайы депозитарий құрылмақ.

Тағы бір маңызды жаңалық – археологиялық жұмыстар мен олардың нәтижелерін тіркеуге арналған бірыңғай ақпараттық жүйе жасақталады. Бұл жүйе арқылы кез келген археологиялық экспедиция мен табылған олжалардың есебі жүргізіледі. Осы арқылы мемлекет археологиялық зерттеулерді бақылауға алып, мәдени мұраның заңсыз айналымының алдын алуды көздеп отыр.

Сарапшылар бұл бастаманы уақыт талабына сай деп бағалайды. Өйткені соңғы жылдары интернет пен әлеуметтік желілерде металл іздегіш ұстап, «қазына іздегендердің» видеолары жиі тарайды. Көпшілігі мұны әуесқой іс немесе хобби ретінде қабылдағанымен, мұндай әрекеттердің салдары ауыр болуы мүмкін. Археологиялық қабаттың бұзылуы – тек жер қойнауындағы заттың жоғалуы емес, ұлт тарихының бір парағының өшуі деген сөз. «Археология – бұл тек қазына іздеу емес, өткеннің куәсі болып қалған мәдени қабаттарды сақтау ісі. Бір адамның қызығушылығының кесірінен ғасырлық мұра жоғалуы мүмкін», – дейді археологтар.

Осыған дейін Қазақстанның әр өңірінде заңсыз қазба жұмыстарымен айналысқан адамдардың үстінен іс қозғалған. Кейбірі тарихи олжаларды жеке коллекциясына сақтаса, енді бірі шетелге сатып, заңсыз пайда тапқан. Жаңа заң осындай әрекеттердің алдын алуға бағытталып отыр.

Мәдени мұра – ұлттың рухани қазынасы. Оны сақтау – барша азаматтың парызы. Сондықтан археологиялық жұмыстарды реттейтін жаңа ережелер тарихқа немқұрайлы қарауға жол бермейді. Қазына іздеу – романтика емес, жауапкершілік. Жердің астында жатқан жәдігер тек артефакт емес, ұлттың өткенін танытатын куәгер. Ал оны сақтап қалу – әр ұрпақтың алдындағы міндет.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»