Жер астындағы өмір мен спортты серік еткен кенші

Саран қаласында дүниеге келген Ислям Мұхамедқалиұлы Муслимов – 285 жылдан астам тарихы бар кеншілер әулетінің өкілі. 1972 жылдан бастап жер астында еңбек етіп, өмірінің 40 жылдан астамын шахтаға арнады. «Кенші даңқы» төсбелгісінің толық иегері, «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Бүгінде зейнеткер болса да, спорт пен қоғамдық істерден қол үзбей, «Qarmet» АҚ жанындағы «Кенші ардагерлер» бірлестігінің спорттық іс-шаралар кеңесінде жастарға үлгі болып жүр.

– Ислям Мұхамедқалиұлы, сіз кеншілер әулетінің өкілісіз. Балалық шағыңыз жайлы айтып берсеңіз.

– Біз отбасында сегіз бала болдық. Әкеміз бізді жастайымыздан жұмысқа үйретті: «күректі қалай ұстау керек, шөпті қалай шабу керек» – соның бәрін көрсетті. Мен бірінші сыныпқа барғанда Долинка интернатына қабылдандым, сегіз жыл сонда оқыдым. Демалыс күндері ғана үйге келетінмін. Кеңес уақытында әкеміз пенсияда болған соң көмірге ақша жетпей қалатын, сондықтан арба жегіп отвалға барып көмір жинайтынбыз, мал ұстап шөп шабатынбыз. Сол еңбектің арқасында денсаулығымыз да мықты болып, спортқа да жақын болдық.

– Еңбек жолыңыз қалай басталды?

– 1972 жылы «Долинская» шахтасында жер астындағы кенші болып еңбек жолымды бастадым. Әскерден келген соң «Қазақстан» шахтасында комсомол ұйымының хатшысы болдым, Алматыдағы республикалық комсомол мектебін тәмамдадым. Кейін «Тентек» шахтасына ауысып, үңгірші болып жұмыс істедім. Осы шахтадан 2010 жылы зейнетке шықтым. Көмір өнеркәсібінде 40 жылдан астам еңбек еттім.

– Әулетіңіздің кеншілік дәстүрі туралы айтып берсеңіз.

– Атам Англия шахтасында істеген. Қиыншылық уақыты болғанда атамыз екі баласын алып, атарбамен Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына жетті, «Саран» шахтасында жұмыс істеді. Соғыс уақытында әкем жер астында еңбек етті, сол үшін «ҰОС жылдарындағы адал еңбегі үшін» деген медальмен марапатталған. Үшінші атамыз Кәрім соғысқа қатысып, аман-есен келіп, кейін «Долинка» шахтасында еңбек етті. Біз үш ағайынды «Қазақстан» шахтасында істедік: үлкен ағам мен және інім. Қазір төртінші ұрпақ – әкемнің немересі Муслимов Сексенбек «Тентек» шахтасында проходчик болып жүр. Балам да бес жыл «Қазақстан» шахтасында проходкада жұмыс істеді. Қарасақ, Мүслім әулетінің жер астында еңбек етіп келе жатқанына 285 жыл болыпты.

– Қауіпті жұмыста талай сынақтан өтіпсіз. Қандай сәттер есіңізде қалды?

– Жұмыс барысында екі рет жарақат алдым. Бірде аяғым сынды, әріптесім Грошов баласымен көтеріп алып шықты. Бірнеше ай емделіп, қайта жұмысқа шықтым. Екі рет көмір құлап астында қалдым, бастан жарақат алдым, сіңір үзілді. Әріптестерім арқалап алып шықты, аман қалдым. Қиын болса да, емделіп, қайтадан жұмысқа оралдым. Жеті қабат жер астында жұмыс істеу ешқашан оңай болған жоқ. Бұрын арқамызда тасып, бәрін қолмен істейтінбіз. Қазір техника бар, қауіпсіздік ережелері жақсарды. Дегенмен қауіпті жаңдайлар бар, кеншілердің еңбегі ауыр ғой.

– Спортқа деген қызығушылығыңыз қалай басталды?

– Ауылда өскендіктен аттың құлағында ойнап, жаз бойы қысқа қамданып ағаш, көмір жинайтынбыз. Денеміз шымыр болып өсті. Долинка интернатында оқып жүргенде грек-рим күресіне жазылып, бір айдан соң екі-ақ бала қалдық: мен және тағы бір бала. Қалалық, облыстық, тіпті республикалық жарыстарда орындар алып жүрдім. Шахтада істеп жүргенде шахта атынан түрлі жарыстарға қатысатынбыз. Қазір зейнетке шыққаныма біраз болды. «Qarmet» АҚ-ның «Кенші ардагерлер» қоғамдық бірлестігі жанындағы спорттық іс-шаралар кеңесінің мүшесімін. Шахмат, үстел теннисі, шаңғы жарысы мен велошерулер ұйымдастырамыз. Көктемде Нүркен Әбдіровтің туған жеріне 250 шақырымға жүгіріп, сегіз сағатта жеттік. 17 тамыз – Спорт күніне орай және қаза болған кеншілерге арнап Қарағанды-Шахтинск бағытында 50 шақырымдық веломарафон өткіздік. Жүзден астам қатысушы болды. Бұл марафонды осымен үшінші жыл өткізіп келеміз, біріншісін алдыңғы жылы Қарағанды –Саран, екіншісін өткен жылы Қарағанды-Абай бағыттарында өткізген едік. Зейнеткер болсам да, үйде отырмай, өзіміз үшін жүгіріп, спортпен айналысамыз. Спорт кенші жұмысына да көмегін тигізеді.

– Жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– Жастарға айтарым – жұмыстан қорықпау керек. Білімді жастар бар, шахтада істеп жүр. Оларға сенемін. Бірлік бар жерде тірлік бар. Спорт – денсаулық кепілі, оқуды да, еңбекті де спортпен ұштастырсаң нәтиже береді.

Кеншінің жұбайы Күләш Муслимовамен де сөйлескен едік.

– Күләш апай, кеншінің жары болу қандай? Жұмысқа кеткенде қандай сезімде болдыңыз?

– Жер астына кеткенде, әрине, уайымдайсың. Жұмысқа шығарып салып, келгенде қарсы аламын. Кішкене кешіксе болды алаңдап, шахтаға телефон шалатын кездерім де болды. Жарақат алған кездерінде «мүмкін жұмысты қоярсың» деп айтқаным бар, бірақ ол сол шахтада қалды.

– Шахтерлер әулетіне келін болу қиын болмады ма?

– Жоқ, қиын болған жоқ. Мен ерте шықтым тұрмысқа, он тоғыз жасымда. Бақытты өмір сүріп келеміз, биыл отау құрғанымызға 48 жыл толды. Бір-бірімізді сүйіп, өмірдің бар қызығын бірге көрдік. Екі бала тәрбиелеп өсірдік, төрт немереміз бар.

– Жас отбасыларға қандай кеңес берер едіңіз?

– Бір-бірін сыйлау, түсінушілік таныту, бастысы – кешірімді болу керек. Бір-бірін қолдау керек. Сонда ғана отбасы беріктігі сақталады.

– Өзіңіз спортқа қалай қарайсыз?

– Мен де спорттан кенде емеспін. Жолдасыма шараларын ұйымдастыруда көмектесемін, өзім скандинавиялық жүріспен айналысамын, марафондарға қатысамын.

– Соңғы сұрақ, Ислям Мұхамедқалиұлы. Сіз үшін кенші мамандығы нені білдіреді?

– Бұл – менің тағдырым. Әкемнің, атамның жолын жалғадым. Жер астында 40 жылдан астам жұмыс істедім. Бүгінгі жетістігімнің бәрі – еңбек пен спорттың арқасы.

– Уақыттарыңызды бөліп, естеліктеріңізбен бөліскендеріңіз үшін көп рақмет!

Сұхбаттасқан: Құралай КӨБЕНОВА, «QH»