Жеке сектордағы антисанитария мен қоқыс дағдарысы
Новая көшесінің тұрғындары аулаларындағы қоқыс үйінділерінен зардап шегіп отыр. Қолқаны қабатын иіс, антисанитария және кеміргіштердің көптігі күнделікті мәселе болып тұр. Ең сорақысы – тұрғындардың басым бөлігі қалдықтарды ресми түрде шығарудан бас тартып, өз аулаларын үйіндіге толтыруда.
«Бұл — нағыз бассыздық. Мұның жалғасып келе жатқанына қанша жыл болды? Адамдардың мәдениетсіздігі ғой, бұған адамдардың өздері кінәлі. «Тазалық бар жерде емес, шашпаған жерде болады» деген бар емес пе? Өз қоқысың өзіңе керек емес болса, оны әкеліп мұрныңның астына тастай салуға болмайды ғой», — дейді Новая көшесінің тұрғыны Раиса Асадуллина.
Михайловкадағы осы көшедегі жағдай – жеке секторға тән үйреншікті мәселе. Қалдықтарды кәдеге жарату мәдениетінің жоқтығы бүкіл айнала үшін экологиялық қауіпке айналып отыр. Қар ерісімен-ақ үйіліп қалған қоқыстардың «бай коллекциясы» ашылып көрінді.
«Біздің мұнда тұрып жатқанымызға 20 жыл болды, бәрі сол кезде басталған, әлі жалғасып келеді. Ана жерде біреудің жері бар еді, соны да қоқысқа толтырып тастады. Жазда бәрі шіріп, қолқаны қабатын иіс шығады, жүру мүмкін емес. Көршілердің ісіне ешкімнің шаруасы жоқ», — дейді Рымкүл Дүйсенбекова, Новая көшесінің тұрғыны.
Тасқын мен нөсер кезінде су бұруға арналған арықтар қоқыс төгетін орынға айналған. «Мұнда мысықтар өліп жатады, иттер қаптап жүр, иісі қолқаны қабады, нағыз антисанитария! Үйдің терезесін аша алмаймыз. Иттер тамақ іздеп, қоқыс пакеттерін жыртып тастайды. Оларды жазалау керек, ұстау керек. Мұнда камера орнатып, «бейнебақылау жүргізіледі» деген тақтайша ілу қажет», — дейді тағы бір тұрғын Баян Дүйсенбекова.
Тұрғындар әкімдікке хабарласқанымен, мәселе әлі шешілмеген. «Әкімдіктен, Төтенше жағдайлар департаментінен өкілдер келіп, камера қоюға уәде берген, бірақ содан бері көрінбей кетті. Бізге «Горкомтрансқа» хабарласыңыздар деді. Хабарласып едік, «контейнер сатып алыңыздар, сосын келісімшарт жасаймыз» деді. Бірақ оған әлі қолымыз жеткен жоқ. Контейнердің болғаны ғана емес, оны шығару үшін ақы төлеу керек, бұл небәрі тиын-тебен емес пе?», — дейді Рымкүл Дүйсенбекова.
Михайловкада бір ғана қоқыс контейнері бар, қалғандары тұрмыстық қалдықтардан өз бетінше құтылудың амалын іздейді. «Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тұрғындар ережелер мен нормаларға сай қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруды ұйымдастыруға міндетті. Осы қызмет түрімен айналысатын кәсіпорындармен келісімшартқа отыруы тиіс. Біздің компанияның қызметкерлері тұрақты негізде халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Тұрғындар көбіне келісімшарт жасасудан бас тартып жатады. Қазіргі таңда Михайловка бойынша бізде 1500-ден астам келісімшарт бар, бірақ бұл бүкіл жеке секторды толық қамту үшін жеткіліксіз», — дейді Нұрлан Өтепбергенов, «Горкомтранс» ЖШС пайдалану бөлімінің бастығы.
Тұрғындар көршілеріне тым жұмсақтық танытудың қажеті жоқ деп есептейді. «Орманға тереңдеген сайын отын көбейеді» демекші, бұл кеше немесе бүгін шыққан мәселе емес, жылдап жалғасып келеді. Менің келісімшартым бар, қоқыс жәшігім тұр, уақытылы келіп алып кетеді. Өзім үлгі болуым керек қой, соны орындап та жүрмін. Бірақ адамдар неге екені белгісіз, бұған құлықсыз. Ақша төлегісі келмейді, бәрінің тегін болғанын қалайды. Неліктен жақын маңдағы адамдар зардап шегуі керек? Мына масқараға қараңыздаршы!», — дейді Раиса Асадуллина.
Тіпті кейбір тұрғындар арықты ассенизаторлық қалдықтарды төгетін орын ретінде пайдаланып жүр. «Екі ер адам екі үлкен 200 литрлік бөшкені әкелді. Біреуін септикке төгіп үлгерді, екіншісін төкпеді. Олар бұл жай ғана су дейді, бірақ одан шыққан иіс мұрын жарады, сұмдық сасық болды. Полиция келіп, олармен сөйлесті. Тәртіп сақшылары оларға тек ескерту жасады», — дейді Баян Дүйсенбекова.
Қала тұрғындары енді тек ережені бұзушыларды өздері бейнетаспаға түсіріп, полицияға жіберуге немесе учаскелік инспекторды шақыруға мәжбүр. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 20 АЕК-тен айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар, мәселе туралы 109 нөміріне хабарлап, Экология департаментіне жазуға болады – экологиялық айыппұлдар әкімшілік айыппұлдардан әлдеқайда жоғары.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

