Жеке көрме
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде қарағандылық танымал суретшінің көрмесі ашылды. Онда 120-дан астам туынды ұсынылған. Суретші өз туындыларында тек көркемдік құндылықтарды ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік және мәдени мәселелерді де көтереді.
Бұл ерекше жобаның басты мақсаты – суретшілер жұмысындағы жасырын жақтарды көрсету, яғни, суретшінің палитрасындағы түстердің кездейсоқ үйлесімдерінен өнер туындысының қалай пайда болатынын көрсету, сондай-ақ көрерменге түстік вибрациялар атмосферасына енудің мүмкіндігін жасау.
– Бұл менің материалым, ішкі әлемім, біз оны ешқашан ешкімге көрсетпейміз. Бұл «шпаргалка» сияқты. Барлығы жинақталып, осы жобада көрсетілді. Неге? Себебі, ол мағыналық жүктемесі жоқ, тек түстік сезімдер мен түстік мазмұн. Мен ешқандай жазбалар жасамаймын, көрерменді жеке қабылдауға қалдырамын, – дейді суретші Виктор Арент.
Суретші түстер тек өмірді жарқын ету үшін емес, сонымен қатар адамның көңіл-күйіне, эмоцияларына, ойлары мен әрекеттеріне әсер ететінін айтады. Бұл шағын туындыларға қарап, көрермен түстерді араластырудың құпиясына қатысады, онда бояу түске айналады, ал түс – эмоцияларға.
– Мен бұл картиналарды – әсер картиналары деп атаймын. Бұл – экспрессия. Мұндай батылдыққа жастар тіпті тәуекел ете алмас еді. Себебі, бұл жерде тек өнеріңді ғана емес сонымен қатар шеберлігіңдіде көрсетуің керек. Шынымды айтсам, таң қалдым, – дейді суретші Қайрат Кей-Кей.
– Бұл эксперимент болса да, керемет. Әрбір жұмыс, біз графикада айтатындай, «қолтаңба» ретінде, ойға түрткі болады. Мұнда әр жұмыс солай, барлығы ойға жетелейді. Егер оны үлкейтіп қарасаңыз, ол жеке картинаға айналады, – деп атап өтті суретші Бекен Мұқышев.
Түстердің адамның ішкі жағдайына әсерін зерттеу және түстер терапиясы арқылы өнердің жарқыраған әлеміне ену экспериментін қала тұрғындары да тамашалай алады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»