Жеңіспен оралды

Қарағандылықтар Түркиядан жүлделі орынмен оралды. Облысымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық командасы алғаш рет шетелде өткен халықаралық байқауға қатысты. Бірлігі жарасқан «Бірлік» тобының алдағы күнге жоспарлары да салмақты.

Хамит Достахин алғаш рет шетелге шықты. Ерекше қажеттіліктері бар адам үшін бұл – үлкен оқиға, себебі, бір кездері ол тіпті үйден аттап баспайтын. Бірнеше жыл бұрын танысы оны мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған теннис секциясына шақырған еді, ал кейін ол Абай қаласының Мәдениет үйіндегі «Бірлік» тобына қосылып, өзінің шығармашылық қырларын дамыта бастады.

– Біз алдымен Абай ауданынан бастадық. Түрлі ауылды аралап, қалаға жол тарттық. Сосын Астана мен Алматыға бардық. Түркістан, Жезқазған, Қарқаралы, Баянауылда болдық. Конкурс көңілден шықты, Ресей мен Татарстанның өнерпаздары белсенділік танытты,  – дейді «Бірлік» тобының мүшесі Хамит Достахин.

«Бірлік» шығармашылық тобын алты жыл бұрын Қарлығаш Жұмағалиева құрған. Алғашында мүмкіндігі шектеулі төрт қатысушы болған, ал қазір олардың саны 20-ға жетті. Қатысушылардың ешқайсының музыкалық білімі жоқ. Алайда топ Қазақстанның барлық дерлік өңірін аралап шыққан. Түркиядағы байқауға қатысуға Абай ауданының әкімдігі мен облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көмектескен көрінеді.

– Түркия еліне барып, күтпеген жерден, Гран-при ұтып алдық. Төрешілер қатал болды. Бізді қолдаған азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға бұл конкурстың маңызы зор, өмірге құлшыныс береді. Өнерлерін көрсеткен өнерпаздарымыз біздің облысымыз бойынша алғаш рет осындай жетістікке жетіп отыр, – дейді «Бірлік» тобының негізін қалаушы Қарлығаш Жұмағалиева.

Түркияның Кемер қаласында өткен «Шоумир. Түркиядағы күн үйі» халықаралық фестиваліне «Бірлік» тобының төрт солисі қатысты. Байқауда Қазақстан, Қырғызстан, Литва, Ресей және Украинадан келген жалпы саны 230 адам бақ сынасқан. Нәтижесінде Қорлан Бажиева Гран-при ұтып алса, Хамит Достахин және Айымгүл Қуанғанқызының дуэті бірінші орынға табан тіреді. Тағы бір бірінші орын Сұлтан Мұратқа бұйырған. Кемер қаласының әкімі қарағандылықтарды қатысқаны үшін жеке алғыс білдіріп, тағы да келуге шақырған. Өнерпаздар өздері жаттығатын Абай қаласының Мәдениет үйіне және педагогтарына алғыстарын айтады.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,                                    

«QH»