Жеңіспен оралған жас футболшылар

Қостанайда жасөспірімдер арасында өткен республикалық футбол турнирінде қарағандылық «Шахтер» командасы үздік ойын көрсетіп, чемпион атанды. Жас спортшылар туған жерге жеңіспен оралды.

Республикалық додаға еліміздің барлық өңірлерінен 12 команда қатысты. Арасында «Ертіс» (Павлодар), «Ақтөбе», «Қызылжар», Қостанай облысының жасөспірімдер құрама командасы секілді мықты қарсыластар болды. «Шахтер» топтық кезеңдегі екі матчта да жеңіп, көш бастап шықты. Ширек финалда Астана командасын, жартылай финалда павлодарлық «Ертісті» қапы қалдырды. Финалда тартысты матч өткізген қарағандылықтар «Ақтөбе» командасын ұтып, турнир чемпионы атанды.

Команда құрамында 17 футболшы бар. Оларға бірнеше жыл бойы футбол негіздерін үйретіп, жарысқа дайындаған бапкер Берік Темірғалиұлы бұл жетістікті балалардың еңбегі мен табандылығының жемісі деп бағалайды. Жерлестеріміздің бұл жеңісі жас спортшылар үшін үлкен мотивация болды.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»