Жеңіс жолындағы алғашқы қадам

Қарағанды қаласында 2011-2012 жылы туған кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында жеңіл атлетикадан 61-ші республикалық турнир өз мәресіне жетті. Дәстүрлі дода 2829 қаңтар күндері Қ.Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінде ұйымдастырылды.

Екі күнге созылған жарысқа Жетісу, Абай, Ақтөбе, Ұлытау облыстарынан, сондай-ақ Қарағанды облысының аудан-қалаларынан келген 200-ден астам жас спортшы қатысты. Жасөспірімдер жеңіл атлетиканың кедергілермен жүгіру, биіктікке және ұзындыққа секіру, ядро лақтыру секілді бірнеше спорт түрінен  өзара мықтыны анықтады.

Айта кетейік, биылғы турнирге қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Әсіресе, 50 метрге жүгіру сайысы ең көп спортшы тіркелген бәсекеге айналды. Бұл жас атлеттердің жылдамдыққа деген қызығушылығының артып келе жатқанын аңғартады.

Жарысқа бірнеше жылдан бері тұрақты қатысып жүрген спортшылардың бірі – қарағандылық Жанайым Адамбекова. Ол биыл республикалық турнирде төртінші мәрте бақ сынап отыр.

– Жарыстың бірінші күні 50 метр қашықтыққа жүгірдім, сондай-ақ ұзындыққа секіруден өнер көрсеттім. Алғаш рет қатысқан кезде қатты қобалжыған едім. Қазір тәжірибе жинап, жүлде үшін күресуге дайынмын. Командаластарым мен жаттықтырушым маған үлкен сенім артып отыр, – дейді жас спортшы.

Бұл турнир Абай облысы үшін де ерекше маңызға ие болды. Өйткені жаңа құрылған өңір алғаш рет облыс құрамасы ретінде республикалық жарысқа қатысып отыр. Абай облысы балалар мен жасөспірімдердің жеңіл атлетика спорт мектебінің жаттықтырушысы Оралбек Айткенов шәкірттерінің өнеріне көңілі толатынын жасырмады.

– Сайысқа тоғыз қыз бен үш ұл алып келдік. Балалар ұзындыққа секіру мен кедергілермен жүгіруден сынға түсті. Дебют болған соң аздап қобалжу болды. Дегенмен спортшыларым сенімімді ақтап, жақсы нәтиже көрсетті, – деді ол.

Жарыс қорытындысы бойынша кіші жасөспірімдер арасында бірқатар спортшы өз шеберлігімен көзге түсті. Ұлдар арасында 50 метрге жүгіруден семейлік Тимур Ануарбеков жеңімпаз атанса, 50 метрге кедергілермен жүгіру сайысында сәтбаевтық Александр Сушков топ жарды.

300 метр қашықтықта қарағандылық Павел Торгов бірінші орынға ие болса, 600 метрде Арсений Свинтицкий (Қарағанды) жеңіске жетті. 1 000 метрге жүгіруде алакөлдік Әмір Сағи, ал 2000 метр қашықтықта қарағандылық Әмір Қожахметов үздік нәтиже көрсетті.

Эстафеталық 4×200 метрлік аралас жарыста Қарағанды қаласының жеңіл атлетикадан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы жеңіс тұғырынан көрінді. Биіктікке секіруден Дмитрий Ярмолич (Сәтбаев), ұзындыққа секіруден Иван Афанасьев (Қарағанды), ядро лақтырудан Михаил Траховцов (Қарағанды) алтын жүлдені қанжығасына байлады.

Қыздар арасында да тартысты бәсеке өтті. 50 метрге жүгіруден қарағандылық Кира Рудич жеңімпаз атанса, 50 метрге кедергілермен жүгіруде теміртаулық Елизавета Овчинникова алдына жан салмады.

300 және 600 метр қашықтықтарда Дарья Сафина (Қарағанды) қарсыластарынан озық шықты. Ал 1 000 және 2 000 метрге жүгіруде қарағандылық Элеонора Садыхова қос бірдей алтын жүлдеге қол жеткізді. Биіктікке секіруден Валерия Казанина (Қарағанды), ұзындыққа секіруден Елизавета Овчинникова, ядро лақтырудан тағы да Валерия Казанина турнир жеңімпазы атанды.

Жалпы, Қарағандыда өткен республикалық турнир еліміздің бірнеше өңірінен келген дарынды жас спортшыларды тоғыстырған нағыз спорт мерекесіне айналды. Бұл жарыс жеңіл атлетиканың тек секундтар мен қашықтық үшін болатын тартыс қана емес, сонымен қатар табандылық, достық пен қозғалыстан туындайтын шынайы спорттық рух екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»