«Жеңіс аманаты: Адамбай атаның өнегелі ғұмыры»

«Елі үшін еңбек еткен ерлердің өнегесі – жас ұрпаққа аманат»

Адамбай ата – мен ешқашан кездестірмеген, бірақ жүрегімнің төрінде сақтап, рухын мақтанышпен ұлықтайтын асыл адам. Атамыз – Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер, өмір жолында елге адал қызмет етіп, бар ғұмырын туған жерінің игілігіне арнаған тұлға.

Әзімханұлы Адамбай атамыз 1908 жылдың 10 наурызында Қызыларай ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Балалық шағында ауылдың күнделікті тіршілігіне ерте араласып, қой-қозы баққан. Кейіннен, еңбекке ерте жастан машықтанып, «Балқашқұрылыс» мыс комбинатында наубайшы, дизель машинисі көмекшісі болып жұмыс істеген.

Бұл сол кездегі өндіріс ошақтарының құрылуына атсалысқан, алғашқы еңбеккерлердің қатарында болғандығын көрсетеді. Өмірдің қиындығы мен ауыртпалығына қарамастан, сауатын ашып, білім алуға талпынған.

1930-1932 жылдары ашаршылықтың ауыртпалығы елді қыспаққа алған кезең еді. Атам сол кезде елдің жағдайын көзімен көріп, тірі қалудың жолын іздеген. Аштық пен жоқшылықты жеңіп, аман қалу үшін еңбек етіп, кейіннен туған жеріне оралады.

1942 жылы сұрапыл Ұлы Отан соғысына аттанып, 1613 артиллериялық полктің құрамында шайқасқан. 1943 жылдың 18 тамызында ауыр жараланып, Челябинск қаласындағы госпитальде бірнеше ай емделді. Бас сүйегіне тиген оқтың жарақаты өмір бойы мазалағанына қарамастан, елге оралған соң еңбек етуін тоқтатпаған.

Соғысқа дейін және одан кейін ауылшаруашылығында қызмет етіп, егін егіп, мал өсіру арқылы майданды азық-түлікпен қамтамасыз етуге үлес қосты. Атам майдангер ретінде 1947 жылы «Ерен ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Соғыстан кейін де елдің игілігі үшін еңбек етіп, «Еңбек сүйгіш», «Комсомол» колхоздары, Бақты, Қарашоқы және басқа да ауылшаруашылығы ұйымдарында басшылық қызметтер атқарған. Әділеттілігімен, адалдығымен және ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен елге сыйлы болды. Оның жетекшілігімен ауылдың әл-ауқаты жақсарып, тұрғындардың тұрмысы көтерілген.

Атамның жары Зағила әжеміз – еңбексүйгіш, мейірімді жан болған. Әжеміз  үй шаруасы мен дала жұмыстарын қатар алып жүрген. Әжеміздің қолымен бір күнде 150-160 қой қырқып, ауылдағы ең еңбекқор әйелдердің бірі атанғаны – ұрпаққа үлгі.

Ерліктің белгісі – марапаттары

Атамның елге, соғысқа және бейбіт өмірге сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. Атамыздың алған марапаттары:

  • «Ерен ерлігі үшін» медалі (1947 ж.),
  • «Отвага» медалі (1948 ж.),
  • Ұлы Отан соғысының мерейтойлық медальдары,
  • «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалі (1957 ж.),
  • «Отечественная война І степени» ордені және басқа да марапаттар.

Атамның өмірі – адалдықтың, қажырлы еңбектің және ерліктің үлгісі. Ол кісі өзінің бүкіл ғұмырын елдің игілігіне арнады. Халықтың сеніміне ие болып, бірнеше рет ауылдық және аудандық кеңестердің депутаты болып сайланды.

Біз – ұрпақтары

Бүгінгі күні ата-бабамыздың рухына тағзым етіп, ас беріп, ерлігін насихаттау арқылы біз олардың мәңгілік мұрасын ұлықтаймыз. Ол кісілер бізге еңбекқорлықтың, шыншылдықтың және отансүйгіштіктің нағыз үлгісін қалдырды.

Ата, Сіздің есіміңіз – біздің мақтанышымыз. Рухыңыз мәңгі жүрегімізде сақталады!

Ізгі ниетпен,
шөбересі Әзімхан Ақерке Дарханқызы