Жеңімпаздан – жылы лебіз
Биыл «Асылтас» қоғамдық қорының дәстүрлі «100 ақын – 100 өлең» байқауы үшінші мәрте ұйымдастырылды. Әу баста байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық үміткер қатысып, онлайн форматта сынға түскен-ді. Іріктеу сынынан сүрінбей өткен 22 қатысушы «Алатау» дәстүрлі театрының сахнасында өнер көрсетіп, кіл мықтыны анықтаған-ды. Осы байқауда жерлесіміз, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің 2-курс студенті Қамысбай Тілеужан Ерғанатұлы жүлделі 3-орынды иеленді. Жеңімпазды жеңісімен құттықтап, блиц-сұхбатқа тартқан едік. Сонымен…
– Тілеужан, біріншіден, жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймыз! Жарыс жайлы айта өтсең?
– Еліміздің әр қилы жерінен көптеген жырқұмар жастар қатысты. Барлығы да тынғылықты дайындықпен келген, сөз қадірін түсінетін өлеңсүйер жандар. Өзім де ақын болғаннан кейін, өлеңге қатысым бар болғасын және наурыз айынан бері тынбай дайындалған дайындығымның арқасында Қазақстан Республикасының Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан ағамыз бастаған төрешілер құрамының бірауыздан қабылдаған шешімімен 3-орынды қанжығама байладым.
– Өлеңді қай кезден бастап жаза бастадың?
– Алғаш екі ауыз сөздің басын қосып жүргеніміз сол 4-5 сыныптардан басталды. Мұқағалидың, Фариза апамыздың өлеңдерімен сусындап өсіп, әлі күнге дейін қаламым қолымнан түспей келе жатыр.
– Алдағы жоспарыңызбен бөлісе кетсеңіз?
– Осы бастаған жолымызбен соңына дейін жүріп, келесі байқауларға одан әрі шынығып, одан әрі дайындалып, өлеңге деген, әдебиетке деген махаббатымды арттырып болашақ ұрпаққа үлгілі, өнегелі тәрбие беретіндей азамат болып өсуге талпынамын.
– Ашық та шынайы жауап бергеніңіз үшін көп рақмет! Жеңісті күндеріңіз көп бола берсін.
Ералы Ғани,
ҚарУ 1-курс студенті