Жазушымен кездесу өтті

Қарағандыда әлеуметтік тақырыптарды кеңінен қозғайтын жазушы, қоғам қайраткері Жан Ақжановмен кездесу ұйымдастырылды. Шара барысында қаламгердің шығармашылығы мен қоғамдық қызметі туралы кеңінен әңгіме өрбіді. Жазушы өңірге арнайы іссапармен келіп, әлеуметтік қызмет көрсету саласының мамандарымен жүздесті. Кездесу барысында қоғамдағы өзекті мәселелер, халықтың әлеуметтік жағдайы және рухани құндылықтар тақырыбы талқыланды. Қатысушылардың айтуынша, Жан Ақжановтың шығармалары өмір шындығына негізделуімен, қарапайым адамдардың тағдырын шынайы суреттеуімен ерекшеленеді. Мұндай кездесулер сала мамандары мен зиялы қауым өкілдері арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында қаламгер өз шығармашылығына тоқталып, осы уақытқа дейін жарық көрген кітаптарының әрқайсысының астарындағы ой мен өмірлік оқиғаларды бөлісті. Оқырмандар арасында ерекше қызығушылық тудырған «Семья пожарного» еңбегіне кеңірек тоқталды. Бұл туындыда ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің өмірбаяны баяндалған.

– Әрине, бұл шығарманы жарыққа шығару – жазушының атынан үлкен бастама. Сондықтан бүгін ол облысымызда осы орталықтардың жұмысымен танысып, қызметкерлермен сұхбаттасып, өз еңбегіне қажетті ақпарат жинап жатыр, – деді ХӘҚ саласындағы реттеу және бақылау Комитетінің Қарағанды облысы бойынша  департаментінің бөлім басшысы Ерсін Ғынаятұлы.

Қазір автор «Жібек» атты оныншы шығармасын жазып жатыр. Бұл туындыда Қазақстан Республикасының Еңбек Министрлігінде атқарылған жұмыстар мен халыққа ұсынылған бағдарламалар туралы мәліметтерді оқуға болады.

– Еңбек министрлігі туралы жазып жатырмын. Оны бір-екі ай ішінде бітіремін деп ойлаймын. Бірақ қазір ең бастысы – министрліктің жұмысын түсіну, ішіндегі процестерді білу. Сондықтан осы жерде бір жағынан адамдармен кездесіп, әлеуметтік көмек көрсетіліп жатқан жағдайды көріп жатырмын, екінші жағынан қызметтің қалай ұйымдастырылғанымен танысып жатырмын, – дейді жазушы Жан Ақжанов.

Жазушы Жан Мұхарапұлы Ақжанов ұзақ жылдар бойы шет елдерде тұрған. Ол негізінен Қызылорда облысы, Қазалы ауданының тумасы. Жазушылыққа бала кезінен қызығушылық танытып, бұл салаға ерекше зейін қойған. Сонымен қатар ол итальян, малай, ағылшын, тай, орыс және қазақ тілдерін жетік меңгерген көптілді азамат.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»