Жазғы институт
Teach for Qazaqstan: Ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға бағытталған жазғы институт екінші кезең бойынша жұмысын бастады. Бағдарлама қатысушылары мен ұйымдастырушылар әзірлеген бірегей көрме өтті.
Жазғы институттың ашылуы шеңберінде жиналған қонақтар «Менің мектептегі алғашқы жылым» көрмесін тамашалады. Онда Teach for Qazaqstan бағдарламасы бірінші лек қатысушыларының еңбектері ұсынылды.
– Бұл жалпы шара біздің екінші лектің қатысушыларын қарсы алу. Оларға қолдау көрсету және олардың болашақтарына сәттілік тілеу, – дейді Білім беру бағдарламаларының сарапшысы, «Teach for Qazaqstan» ҚҚ құрылтайшысы, директоры Гүлнара Салмен.
Жазғы институтта қатысушылар сабақ жоспарын құрып, мектеп контекстінде жұмыс істеп, педагогикалық қайта даярлау бағдарламасының негізгі кезеңін үйренеді. Сондай-ақ шара Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайымен меморандумға қол қоюмен жалғасын тапты.
– Бұл бағдарламаның негізгі идеясы білім саласында бұрын жұмыс жасамаған, бірақ білім саласындағы теңсіздікті шешуге өзінің бір септігін тигізетін адамдарды табу. Оларды қатты іріктейміз және қайта даярлау бағдарламасынан өткеннен кейін, ауылдық және алыс, шалғай жерлерде орналасқан мектептерге жұмысқа тұрғызамыз. Бұл бағдарлама тек Қарағанды облысында жүзеге асырылады, – деп түсіндіріп өтті Гүлнара Салмен.
Көрме барысында бірінші лек қатысушылары өздерінің оқиғаларымен бөлісіп, бағдарламаға жаңадан келгендерді шабыттандыруға екпін салды. Солардың бірі – Ұлболсын Сәрсенбай. Ол бұл бағдарламаға қатысып өзінің педагогикалық қырын жетілдірді. Қазіргі таңда Шахтинск қаласының Новодолинка кентінде мектеп оқушыларына сабақ береді.
– Баламен бір толқында болып, керекті ақпараттарды барынша қызықты етіп беру, мысалы, әр күні, әртүрлі презентация жасаймыз. Қазір енді әлеуметтік желі дамыған заман ғой, әртүрлі мәлімет жеткілікті. Шетелдік сайттардан қарап, аударып, солай дайындалып барамыз. Біз биылдан бастап өзіміздің жобамызды жасаймыз. Соған қазіргі таңда жобаларды дайындап жатырмыз. Балаларға пайдалы болатын жоба дайындаймыз деп ойлаймын, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ұлболсын Сәрсенбай.
Шараға білім беру саласының көптеген өкілі, сарапшылар мен депутаттар жиналды. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова бұл бағдарламаның барлық баланың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ететінін айтты.
– Teach for Qazaqstan жобасы жалпы екі жылдан бері шалғай аудандардағы, алыс ауылдардағы мектептерге жалпы педагогикалық мамандығын оқымаған, бірақ осы педагогикалық мамандығына байланысты біліктілігін арттырып, мектепке келген мұғалімдерге арналған жоба. Негізі бұл әлемдік жобаның бір бөлшегі. Осы жоба арқылы әлемдік білім қауымдастығына қадам басып жатырмыз, – деп түйіндеді Мәжіліс депутаты, мәдени-әлеуметтік даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова.
Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ, «QH»