Жазғы инфекция: дәрігерлер ата-аналарды сақ болуға шақырады

Қарағандыда жаз мезгілінің келуімен балалар арасында энтеровирустық инфекциялар жиілей бастады. Ата-аналар әлеуметтік желілерде балалардың ауру белгілері туралы жиі жаза бастады. Олар бассейндер мен жағажайға барғаннан кейін балаларының дене қызуы күрт көтеріліп, кейін ауыз қуысында және теріде бөртпелер пайда болғанын айтуда.

Дәрігерлердің айтуынша, жаз – энтеровирустық инфекциялардың өршу кезеңі. Бұл туралы Қарағанды облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Анаргүл Азыханова түсіндірді.

«Энтеровирустық инфекциялар – жыл сайын жаз мезгілінде тіркелетін маусымдық сырқаттар. Оның ішіндегі ең қауіпті түрі – серозды менингит. Бұл дерттің белгілері жұққаннан кейін 3-7 күн ішінде байқала бастайды. Алғашқы белгілер – дене қызуының 39-40 градусқа дейін көтерілуі, ауыз қуысында бөртпе, алақан мен табандағы көпіршіктер», – дейді маман.

Қазіргі таңда өңірде 12 жағдай тіркелген. Дегенмен мамандар бұл қалыпты жағдай екенін, аурудың өршуі байқалмайтынын айтып, ата-аналарды сабырға шақырып отыр. Санэпидемиологтардың мәліметінше, бұл көрсеткіш эпидемиологиялық шекті деңгейден аспайды.

Инфекция көбіне лас қол, жуылмаған көкөністер мен жемістер, сондай-ақ ашық су қоймаларындағы ластанған су арқылы жұғады. Энтеровирустың инкубациялық кезеңі 2-ден 14 күнге дейін созылады, ал вирус ағзадан 3-4 апта бойы нәжіспен бөлінеді. Иммун тапшылығы бар адамдар вирусты бірнеше жыл бойы тасымалдауы мүмкін.

«Аурудың жұқпалығы өте жоғары. Сондықтан алғашқы белгілер байқалған сәтте бала оқшауланып, дәрігерге қаралуы тиіс. Бұл – басқа балалар мен ересектерге жұқтырмаудың маңызды шарты», – дейді Анаргүл Азыханова.

Санэпидемиологтар инфекцияның алдын алу үшін қарапайым гигиеналық талаптарды сақтауға кеңес береді: қолды жиі жуу, жеміс-жидектерді мұқият жуу, тек тексерілген су қоймаларында шомылу және суды ішіп қоймауға тырысу қажет.

Дәрігерлер ата-аналарға балалардың денсаулығына мұқият болуға және алғашқы белгілер пайда болған жағдайда өз бетінше ем қолданбай, медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»