Жауынгерлік тумен қоштасты
Отан қорғау азаматтық парыз. Әскерге шақыру науқаны аясында болашақ сарбаздарды салтанатты түрде шығарып салу шарасы өтті. Бір жылдық үлкен өмір мектебіне аттанған әр жігіттің бойында қуат, жүрегінде жігер барын байқадық.
Қарағанды гарнизонына қарасты, 50185 әскери бөлімінің сарбаздары әскери бөлімімен, аға буын әскерилермен қоштасты. Мерзімді қызметтің 56 сарбазы үйлеріне аман-есен оралады. 610 шы Нүркен Әбдіров атындағы авиациялық базада отан алдындағы абыройлы міндеттерін атқарған азаматтарды салтанатты түрде шығарып салған әскери бөлімнің штаб сержанты, сәттілік тіледі.
— Көп-көп рақмет, өз отандарын абыроймен қорғады, өздерінің алға қойған мақсаттарын адал атқарды. Сендерге тілерім үйлеріне аман-есен жетіп, ата-аналарыңды қуантыңдар. Отбасын құрап, еліміздің мықты азаматтары болуларына тілектеспін. Әскери бөлімде кемшілік болған жоқ, — деп атап өтті өз кезегінде 50185 әскери бөлімінің штаб сержанты Руслан Жұбанышев.
Бөлімнің барлық жеке құрамы саптық алаңда жиналып, қызмет еткен жігіттерге көпке үлгі болғаны үшін «алғыс» айтты. Осыдан кейін, Ту ұстаушы тобы мен құрметті қарауыл взводы саптық алаңға бөлімнің жауынгерлік туын алып шықты. Борышын атқарған жігіттер әріптестерімен қимай қоштасты. Жауынгерлер соңғы саптық қадамдарын жасап, құжаттарын, грамоталары мен мінездемелерін алып, офицерлермен қол алысты. Әскери қызмет тәрбиеледі деген сарбаздар, кәсіби маман ретінде де үлкен тәжірибе алған.
— Бүгін міне біз отан алдындағы борышымызды атқардық, әскери өмір бізге ұнады. Жауынгерлік досымды таптым, қазір жан қияр досым бар. Ата-анамызды сағындық, қадірің түсіндік. Ақыл тоқтаттық. 56-сарбаз үйге ораламыз, — дейді қатардағы жауынгер Дидар Баудинов.
Мерзімді қызметте бір жыл ішінде сарбаздар көптеген оқу жаттығулардан, шерулерден және дабыл бойынша көтерулерден өтті. Күн сайын жігіттер рухты ғана емес, дене дайындығында күшейткен. Сонымен бірге, жауынгерлер ҰБТ-ны есептемей елдің жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алды. Қызметте үздік нәтиже көрсеткен жеті жауынгерге жоғары білім алуға тегін мүмкіндік берілді.