Жауынгер топырағы туған еліне оралды

Қарағанды қаласында Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған ерекше маңызға ие салтанатты жиын ұйымдастырылды. Шара барысында майдан даласында қаза тапқан сарбаздардың жерленген орындарынан алынған топырақ пен олардың ерлігі жайлы мәліметтер туған-туыстарына табысталды.

Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ардагерлер ұйымдары, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің мүшелері және қаза тапқан сарбаздардың туыстары қатысты. Жиын бір минут үнсіздікпен басталып, ерлікке тағзым етілді, кейіннен қатысушыларға арнап құттықтау сөздер айтылды.

– Менің төрт бірдей атам соғыста хабар-ошарсыз кеткен. Үйімізде олардан қалған бар дүние – 80 шақты хат қана. Бір күні интернеттен ізденіп отырып, соғыста жоғалып кеткен сарбаздар туралы мәліметтерге кез болдым. Содан кейін «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігіне хабарласып, аталарымның тағдырына қатысты деректер сұрадым. Көп ұзамай үшінші атам Ғабдіжанның Польшада жерленгені жайлы хабар келді. Енді сол елге барып, атамның мәңгілік мекенін өз көзіммен көруді армандап жүрмін, – деді дивизион командирінің орынбасары Алмас Ғаділ.

Салтанатты жиын аясында Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан үш батыр – Қажым Абдулшалимов, Назамбай Аймұлдинов және Әкімжан Айдосовтың жерленген жерінен әкелінген топырақ пен олардың ерлігін баяндайтын құжаттар туған-туыстарына салтанатты түрде тапсырылды. Бұл – батырлар рухына көрсетілген құрметтің, ұрпақтар арасындағы рухани байланыстың ерекше нышаны.

– Соңғы бес жылда біздің ұйымның ресми сайтына майдангерлердің ұрпақтарынан 10 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Соның нәтижесінде төрт мыңға жуық қазақстандық жауынгердің жерленген орындары мен аты-жөндері анықталды. Бүгінде жиырма бір отандасымыздың сүйегі туған топыраққа жеткізіліп, әскери құрметпен қайта жерленді. «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің жұмысы бірнеше негізгі бағытқа бөлінеді. Біріншісі – архивтер мен халықаралық форумдар арқылы майдангерлерді әскери құжаттар бойынша іздестіру. Бұл – өте күрделі, үлкен төзімді талап ететін жұмыс. Екінші бағытымыз – тікелей майдан даласында қазба жұмыстарын жүргізу. Еріктілеріміз жыл сайын түрлі экспедицияларға қатысып, іздестіру жұмысын үздіксіз жалғастырып келеді, – деді «Атамның аманаты» ҚБ еріктілер желісінің басшысы Марфуза Сүлейменова.

Жеңіс күні – ел тәуелсіздігін қорғаған ерлерге деген шексіз құрметтің, ұлт рухының символы. Қарағандыда өткен бұл тағылымды жиын – жастарға отансүйгіштік тәрбие берудің, тарихи жадты жаңғыртудың және қаһармандықты ұлықтаудың жарқын үлгісі болды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»